Otpan News Logo

Маңғыстауда құқық бұзушылықты анықтауға көмектескен 70-ке жуық тұрғын сыйақы алды

Маңғыстауда құқық бұзушылықты анықтауға көмектескен 70-ке жуық тұрғын сыйақы алды
depositphotos.com

Маңғыстауда жыл басынан бері құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектескен 69 азаматқа қаржылай сыйақы берілді. Олардың әрқайсысына 10 АЕК мөлшерінде, яғни 43 250 теңгеден төленген, деп хабарлайды otpannews.kz.


Өңірде тұрғындардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысуына мүмкіндік беретін қоғамдық көмекші институты да жұмыс істейді. Қазір облыста 215 азамат қоғамдық көмекші ретінде тіркелген.


Олар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып жүр. Жылдың алғашқы 8 айында қоғамдық көмекшілер 115 құқық бұзушылықты анықтаған.


Олардың қатарында алкоголь өнімдерін сату талаптарын бұзу, жол қозғалысы ережелерін сақтамау, түнгі тыныштықты бұзу, ұсақ бұзақылық және басқа да құқық бұзушылықтар бар.


Ал жалпы облыста полиция қызметкерлері «нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша 27 115 құқық бұзушылықты анықтаған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға көп.


Маңғыстау облысында құқық бұзушылықтың алдын алуға белсенді қатысқан азаматтарды көтермелеу тәртібі бекітілген. Оның негізінде тұрғындарға алғыс жариялау, грамота тапсыру және ақшалай сыйақы беру қарастырылған.


Сонымен қатар белсенді азаматтарды білім беру немесе біліктілікті арттыру бағдарламаларына жіберу, жұмыс орнына немесе кәсіпорнына көтермелеу туралы ұсыныс енгізу мүмкіндігі бар.


Құқық бұзушылықтың алдын алуға елеулі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградаға немесе құрметті атаққа ұсыну да қарастырылған.


Маңыздысы – мұндай қолдау тек ресми қоғамдық көмекшілерге ғана көрсетілмейді. Құқық бұзушылықтың алдын алуға, оның жолын кесуге немесе қылмысты ашуға нақты ықпал еткен кез келген тұрғын көтермелеуге ұсыныла алады.


Мәселені Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен облыс аудандары әкімдіктері жанынан құрылған арнайы комиссиялар қарайды.


Қаржылай сыйақының мөлшерін де осы комиссия белгілейді. Сыйақы 10 АЕК-тен аспауы тиіс. Төлем облыстық бюджет есебінен Маңғыстау облысының полиция департаменті арқылы жүргізіледі.

55
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!