Otpan News Logo

Месси жылап, Испания қуанды: 2026 жылғы әлем чемпионаты несімен есте қалды?

|
20.07.2026 09:38
Месси жылап, Испания қуанды: 2026 жылғы әлем чемпионаты несімен есте қалды?
Фото: Ашық дерекөзден

Солтүстік Америка құрлығында бес аптаға созылған футбол мерекесі мәресіне жетті. АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп өткізген теңбіл доп додасы 48 құраманың қатысуымен тарихтағы ең ауқымды чемпионат ретінде есте қалды. 104 матч, миллиардтаған жанкүйердің назары және соңында АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы «МетЛайф» стадионында өткен финалдық ойындар 38 күн бойы футбол жанкүйерлерінің назарынан тыс қалмады.


Әлем чемпионы атағы үшін өткен финалдық ойында Испания құрамасы Аргентинаны қосымша уақыттағы соғылған жалғыз голдың арқасында 1:0 есебімен жеңіп, араға 16 жыл салып қайтадан әлемнің үздігі атанды. Финал тағдырын 106-минутта Ферран Торрес шешті. Қосалқы құрамнан алаңға шыққан шабуылшы тарихи голдың авторына айналды. Осылайша Испания екінші мәрте әлем чемпионы атанды. Торрес әлем чемпионаты финалында жеңіс голын соққан тарихтағы екінші қосалқы ойыншы болып отыр. Бұған дейін мұндай нәтижені 2014 жылы Германия құрамасының шабуылшысы Марио Гетце тіркеген еді.


Испания бұл жеңіске кездейсоқ жетті дей алмаймыз. Луис де ла Фуэнтенің шәкірттері турнир бойы жоғары деңгейдегі тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, сегіз матчтың қорытындысында өз қақпаларына бір ғана гол жіберген. Бұған дейін жалғыз допты Испания қақпасына ширек финалдық ойында Бельгия ойыншалары соқты. Бұл әлем чемпион ы атанған ұлттық құрамалар арасындағы жаңа рекордқа баланады.


Айта кететін жайт, финалда да испандар ойын тізгінін толық өз қолында ұстады. Аргентина негізгі уақытта қарсылас қақпасына бірде-бір дәл соққы жасай алмауы еуропалық құрама деңгейінің қандай деңгейде екенін анық көрсетті деуге толық негіз бар. Мұндай көрсеткіш әлем чемпионаттары тарихындағы антирекорд ретінде тіркелгенін де ұмытпауымыз керек. Егер аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинес бірнеше мәрте командасын құтқармағанда, есеп бұдан да ірі болуы әбден мүмкін еді.


Әлемдік жаңа рекорд - жеңіліссіз 38 матч  

Әлем чемпиондығымен бірге Испания тағы бір тарихи белесті бағындыра алды. Ұлттық құрама ойыншылары қатарынан 38 матч бойы жеңіліссіз өнер көрсетіп, Италия құрамасына тиесілі 37 ойындық әлемдік рекордқа өзгеріс енгізді. Испандар соңғы рет ресми кездесуде 2024 жылдың наурызында жеңілген болатын.

Бұл көрсеткіш қазіргі Испания құрамасының тек жекелеген жұлдыздарға емес, тұтас ойын жүйесіне сүйенетінін дәлелдей түскендей. Әлем чемпионатының топтық кезеңінен сүрінбей өткен испандар Аустрия, Португалия, Бельгия, Францияны және финалда Аргентина құрамасын жеңістен айырды.


Мессидің көз жасы немесе ұлттық құрамадағы соңғы ойын

Финал аяқталған сәтте әлем назары алтын кубоктан гөрі теңбіл доп шебері Лионель Мессиге ауа түсті. Қорытынды ысқырықтан кейін аргентиналық капитан көз жасына ерік беріп, бір сәтке тоқтай алмады.



39 жастағы аргентиналық форвард әлем чемпионаты тарихында үш финалда капитан ретінде негізгі құрамда алаңға шыққан тұңғыш футболшы атанды. Сонымен қатар ол әлем чемпионаты финалында ойнаған ең егде жастағы екінші футболшы ретінде тарихтың беттеріне жазылды.

2022 жылы Қатарда әлем чемпионы атанған Месси бұл жолы қатарынан екінші рет чемпиона атануға өте жақын қалған еді. Бірақ футбол тағдыры басқаша сипатта өрбіді. Көпшілік дәл осы матчты ұлы футболшының әлем чемпионатындағы соңғы кездесуі болуы мүмкін деген оймен қабылдады.


Мбаппе - жаңа рекорд иесі

Бұл турнирде 2018 жылғы әлем чемпионы - Франция құрамасы чемпиондыққа жете алмағанымен, Килиан Мбаппе тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізіп үлгерді.

27 жастағы шабуылшы сегіз кездесуде 10 гол соғып, төрт нәтижелі пас беріп, «Алтын бутсаның» иегері атанды. Ол 2022 және 2026 жылдары қатарынан әлем чемпионатының үздік сұрмергені болған тарихтағы алғашқы футболшыға айналды.



Сонымен қатар Мбаппе әлем чемпионаттарындағы жалпы гол санын 22-ге жеткізіп, Лионель Мессиден (21) озып, мундиаль тарихының ең үздік мергені деп танылды. Бұл ретте мундиалдың «Күміс бутсасы» Мессиге бұйырса, «Қола бутсаны» Джуд Беллингем мен Эрлинг Холанд өзара бөлісті.


Ямаль - жас буыннан шыққан әлем үздігі

Бұл әлем чемпионаты Ламин Ямальдың жаңа футбол дәуірінің басты тұлғаларының бірі екенін айқын көрсетті деп санауға болады. Небәрі 19 жастағы футболшы Еуропа чемпионы атағынан кейін әлем чемпионы атанып үлгерді. Оның турнирдегі сенімді ойыны Испания құрамасы шабуылының басты қаруына айналды. Ал финалдан кейін Ямальдың көзіне жас алған Мессиді құшақтап жұбатуы футболдағы буын алмасуының символындай әсер қалдырғаны рас.


Жалпы, 2026 жылғы әлем чемпионаты бірнеше күтпеген нәтижемен де есте қалды. Норвегия құрамасы Бразилияны жарыстан шығарып, үлкен сенсация жасады. Марокко тағы да плей-офф кезеңіне дейін жетіп, Африка футболының тұрақты дамып келе жатқанын дәлелдеп берді. Ал Парагвай футболшылары Германияны пенальти сериясында жеңсе, әлем чемпионатына алғаш қатысқан Кабо-Верде топтық кезеңнен шығып, көпшіліктің ықыласына бөленді.


Чемпионат қорытындысы бойынша Родри турнирдің ең үздік ойыншысы атанды. Испания қақпашысы Унаи Симон үздік қақпашы деп танылса, Пау Кубарси үздік жас футболшы жүлдесін иеленді.


Футбол сарапшыларының пікірінше, 2026 жылғы әлем чемпионаты - жеңісті жекелеген жұлдыздар емес, ұйымшыл команда мен дұрыс құрылған жүйе әкелетінін анық көрсетті. Мәселен, Аргентина сапында әлемнің ең үздік ойыншысы Лионель Месси болды. Франция құрамасында турнирдің ең үздік сұрмергені Килиан Мбаппе өнер көрсетті. Англияның ең қымбат құрамаларының бірі жасақталды. Бірақ алтын кубок Испанияның қолына тиді. Өйткені бұл чемпионатта атақтан бұрын тәртіп, жұлдыздардан бұрын жүйе, ал эмоциядан бұрын тактика жеңіске жететіні кезекті рет дәлелденді.


Әлем чемпионаты футбол тарихында Ферран Торрестің шешуші голымен, Испанияның тарихи үстемдігімен, Мбаппенің рекордтарымен, Ламин Ямальдың жарқын жұлдызға айналуымен және ең бастысы - Лионель Мессидің үнсіз төгілген көз жасымен жанкүйерлер жадында мәңгі ұмытылмасы анық...




7
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!