Otpan News Logo

Ақтаулық блогер жәбірленушілерге моральдық өтемақы төлеуге және жарияланған видеоны өшіруге міндеттелді

Ақтаулық блогер жәбірленушілерге моральдық өтемақы төлеуге және жарияланған видеоны өшіруге міндеттелді
ашық дереккөзден

Ақтау қаласының екі тұрғыны Instagram парақшасында қылмыстық іс бойынша жүргізілген тергеу әрекеттерінің видеожазбасын жариялаған жергілікті блогерге қарсы сотта жеңіске жетті. Бұл туралы Otpannews.kz сайты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына сілтеме жасап хабарлайды.


Жәбірленушілер өз бейнесін пайдалануға және таратуға ешқандай келісім бермегендерін айтып, видеоны өшіруді және моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп беруді талап етті.


Ақтау қаласының №2 соты жауапкердің өзін қоғам белсендісі немесе штаттан тыс журналист деп таныстыруы бұл жағдайда құқықтық мәнге ие емес екенін атап өтті.


Сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 145-бабына сәйкес, азаматтың бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға заңда көзделген жағдайларды қоспағанда жол берілмейтінін көрсетті. Сондай-ақ жарияланған видео келісімсіз таратуға рұқсат етілетін материалдар санатына жатпайтыны анықталды.


Бұдан бөлек, видеожазбаның желіге тарауы және оның астындағы жағымсыз пікірлер талапкерлерге моральдық зардап келтіргені сот барысында дәлелденді.


Сот жәбірленушілердің бейнесі бар видеоматериалды жариялауды заңсыз деп танып, блогерге Instagram парақшасынан аталған видеоны өшіруді және талапкерлердің әрқайсысына моральдық зиянды өтеу үшін 200 мың теңгеден өтемақы төлеуді міндеттеді.


Сот шешімі заңды күшіне енді.

55
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!