«Маңғыстаулық бапкердің еңбегі бар»: Қазақстан волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Қытайдың Ханчжоу қаласында 10-17 шілде аралығында волейболды отырып ойнаудан өткен әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізіп, алғаш рет әлем біріншілігінің қола жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Әлем чемпионатына әлемнің үздік 16 құрамасы қатысты. Қазақстан құрамасы С тобында Бразилия, Хорватия және Ирак командаларымен бақ сынасып, топтық кезеңді екінші орынмен аяқтап, плей-оффқа жолдама алды.
Жарыстың шешуші кезеңінде қазақстандықтар Польша құрамасын 3:0, кейін Руанданы да дәл осындай есеппен жеңіп, жартылай финалға шықты. Финал жолдамасы үшін өткен кездесуде әлемнің ең мықты командаларының бірі саналатын Иран құрамасына 0:3 есебімен есе жіберді.
Ал үшінші орын үшін өткен тартысты матчта Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі жеңілісінің есесін қайтарып, Бразилияны 3:2 есебімен жеңіп, тарихи қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетерлігі, ұлттық құраманың бапкерлер штабының құрамында маңғыстаулық маман Құралбек Сейітов те еңбек етті. Оның айтуынша, бұл жетістік үлкен еңбек пен табандылықтың нәтижесі.
«Алынбайтын қамал жоқ екенін тағы бір дәлелдедік. Әлем бойынша 70-тен астам құрама арасынан іріктелген 16 үздік команда бақ сынады. Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Иранға есе жібергеннен кейін жігіттер жігерін жоғалтқан жоқ. Қола жүлде үшін өткен кездесуде Бразилиядан есемізді қайтардық. Бірінші партияда 21:25 есебімен ұтылғанымызға қарамастан, ойын тізгінін қолға алып, келесі екі партияда 25:23 және 25:22 есебімен басым түстік. Соңына дейін күресіп, тарихи нәтижеге қол жеткіздік», - деді Құралбек Сейітов.
Бұл нәтиже Қазақстан параспортындағы ең ірі жетістіктердің бірі саналады. Сонымен бірге, ұлттық құраманың халықаралық аренадағы әлеуетінің артып келе жатқанын айқын көрсетіп отыр.