Маңғыстауда мұнай төгіп, жерді ластаған компанияға айыппұл салынды
Маңғыстау облысында жердің мұнай өнімдерімен ластану фактісі бойынша кінәлі компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Облыстық Экология департаментінің мәліметінше, 22 маусымда Жаңаөзен қаласы полиция басқармасынан «Өзенмұнайгаз» АҚ-на қызмет көрсететін «МұнайСпецСнаб LTD» ЖШС тарапынан мұнай өнімінің төгілуіне байланысты жердің ластанғаны туралы ақпарат келіп түскен.
«Тексеру барысында аталған аумақтың мұнай өнімдерімен ластанғаны расталды. Оқиғадан кейін ластанған жер толық тазартылып, 100 келі мұнаймен ластанған топырақ жиналып, арнайы мұнай қалдықтарын қабылдау полигонына жеткізілді. Қазақстан Республикасының Экология кодексіне сәйкес, жер пайдаланушылар жердің ластануына жол бермеуге және мұндай жағдай туындаған кезде оның салдарын жоюға міндетті», деп жазылған департамент ақпаратында.
Жүргізілген әкімшілік іс жүргізу нәтижесінде «МұнайСпецСнаб LTD» ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 337-бабының 3-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, 648 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.