Otpan News Logo

Ақтауда жыртқыш құстардың қалалық экожүйеге бейімделуіне жағдай жасалуда

Ақтауда жыртқыш құстардың қалалық экожүйеге бейімделуіне жағдай жасалуда

Маңғыстау облысында Umit Mangistau қоғамдық қоры өңірдің биоалуантүрлілігін сақтауға және жыртқыш құстардың популяциясын қолдауға бағытталған экологиялық жобаны жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Otpannews.kz.


Жобаның негізгі бағыттарының бірі – Ақтау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларына ителгі тұқымдасына жататын күйкентайларға арналған 60 жасанды ұя орнату.


Арнайы ұялардың орнатылуы табиғи ұя салатын орындардың тапшылығын азайтып, бұл пайдалы жыртқыш құстардың көбеюіне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.


«Бұл жобаның ерекше маңыздылығы – біздің қордың Орталық Азия елдері арасында жарияланған шағын гранттар байқауында күйкентайларға арналған жасанды ұя орнату жобасымен жеңімпаз атануы. Мұндай тәжірибе Еуропа, Солтүстік Америка және Азияның көптеген елінде бұрыннан қолданылып келеді және қалалық табиғатты қорғау бағдарламаларының бір бөлігіне айналған. Халықаралық сарапшылар бастаманың экологиялық құндылығын, ғылыми негізін және биоалуантүрлілікті сақтаудағы практикалық тиімділігін жоғары бағалады. Енді Маңғыстау облысы да осы бағдарламаға қосылып, жыртқыш құстардың экожүйедегі өз орнын табуына үлес қосуда», – деді Umit Mangistau қоғамдық қорының жетекшісі Меруерт Лыткина.


Маңғыстау облысы Орталық Азиядағы құстардың ең маңызды көші-қон бағыттарының бірінде орналасқан. Сондықтан қауіпсіз ұя салатын орындарды көбейту тек жергілікті күйкентайлар популяциясын сақтауға ғана емес, өңірдің бүкіл экожүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге де ықпал етеді.


Күйкентай – адамға пайдасы зор шағын жыртқыш құс. Оның негізгі қорегі – тышқан тәрізді кеміргіштер мен ірі жәндіктер. Бір маусым ішінде күйкентайлар жүздеген кеміргішті жойып, олардың шамадан тыс көбеюіне жол бермейді.


Мамандардың айтуынша, бұл құстардың арқасында қала аумағында егеуқұйрықтар мен тышқандардың саны табиғи жолмен азаяды. Соның нәтижесінде түрлі жұқпалы аурулардың таралу қаупі төмендеп, кеміргіштерге қарсы қолданылатын улы химикаттар мен родентицидтердің көлемі қысқарады. Бұл адамдардың, үй жануарларының және жабайы табиғат өкілдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экологиялық тепе-теңдіктің сақталуына мүмкіндік береді.


«Сонымен қатар күйкентайлар ірі жәндіктердің санын реттеп, қоректік тізбектің тұрақтылығын сақтайды және қоршаған ортаның жай-күйін көрсететін маңызды биоиндикатор саналады. Егер жыртқыш құстар қалада сәтті ұялап, көбейіп жатса, бұл қалалық экожүйенің қолайлы жағдайда екенін білдіреді», – дейді қор жетекшісі.


Осындай жобалар кеміргіштердің санын табиғи жолмен бақылаудың және сирек кездесетін құстарды сақтаудың экологиялық тұрғыдан тиімді тәсілі ретінде өз нәтижесін көрсетіп келеді.


Жоба аясында қор мамандары орнатылған барлық жасанды ұяларға тұрақты мониторинг жүргізіп, олардың қаншалықты пайдаланылып жатқанын, құстардың көбею көрсеткіштерін бақылап, ғылыми деректер жинайды. Бұл бағдарламаның тиімділігін бағалап, алдағы уақытта оны Маңғыстау облысының басқа елді мекендеріне кеңейтуге мүмкіндік береді.


Жобаның тағы бір маңызды бағыты – экологиялық ағарту жұмыстары. Тұрғындар жыртқыш құстардың табиғаттағы рөлі, оларды қорғаудың маңызы және биоалуантүрлілікті сақтаудың қажеттілігі туралы көбірек ақпарат алады. Табиғатқа жанашыр көзқарасты қалыптастыру – өңірдің тұрақты дамуының маңызды бөлігі.


Umit Mangistau қоғамдық қоры экологиялық бастаманы қолдағаны үшін Ақтау қаласының әкімдігіне, қала әкімі Әбілқайыр Байпақовқа және қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Руслан Жүкеновке алғыс білдірді.


Жоба Маңғыстау облысының табиғи байлығын сақтауға, заманауи қалалық экологияны дамытуға және адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға елеулі үлес қоспақ.


7
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!