Otpan News Logo

Ақтауда 200-ден астам Ұлттық ұлан сарбазы ант қабылдады

Ақтауда 200-ден астам Ұлттық ұлан сарбазы ант қабылдады

Ақтау қаласында орналасқан 6656 әскери бөлімінде әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шарада 200-ден астам жас сарбаз Отанға адал қызмет етуге ант беріп, Ұлттық ұлан сапына ресми түрде қосылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.


Биылғы сарбаздар Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Жамбыл облыстарынан, сондай-ақ Шымкент қаласынан шақыртылған. Бірнеше апта бойы алғашқы әскери даярлықтан өткен сарбаздар саптық дайындықтарын шыңдап, әскери жарғыларды меңгеріп, ант қабылдау рәсіміне тыңғылықты әзірленген.


Жас жауынгерлердің өміріндегі маңызды күнге олардың ең жақын жандары да куә болды. Салтанатты рәсімге Қазақстанның әр өңірінен келген 600-ге жуық ата-ана мен жақын туыстары қатысып, перзенттерінің әскери өмірге қадам басқан сәтін тамашалады. 


“Бүгін мен үшін ерекше әрі ұмытылмас күн. Әскери ант қабылдау – үлкен жауапкершілік. Бізге сенім артқан халықтың және ата-анамыздың үмітін ақтау үшін адал қызмет етуге дайынбыз. Бір жылдық әскери қызмет барысында тәртіпті, шыдамды және нағыз азамат болып қалыптасуға бар күшімізді саламыз”, – деді қатардағы сарбаз Мұратов Бекнұр.


Ант қабылдағаннан кейін жас сарбаздар әскери бөлімдерге бөлініп, жауынгерлік даярлықтың келесі кезеңіне кіріседі. Алдағы бір жыл ішінде олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті сақтау және маңызды мемлекеттік нысандарды күзету бойынша жауынгерлік міндеттерді атқаратын болады.

68
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!