Otpan News Logo

Қазақстанда бірыңғай QR-код арқылы банкаралық төлем жүйесі іске қосылды

|
20.07.2026 16:08
Қазақстанда бірыңғай QR-код арқылы банкаралық төлем жүйесі іске қосылды
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда мобильді төлемдердің банкаралық жүйесі (МТБЖ) ресми түрде іске қосылды. Енді ел тұрғындары телефон нөмірі арқылы басқа банктің клиентіне лезде ақша аудара алады, сондай-ақ бірыңғай QR-кодпен кез келген банк арқылы тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алады, деп хабарлайды otpannews.kz.


Ұлттық банктің мәліметінше, жүйенің ресми іске 19 шілдеде жүзеге асты. Қазіргі уақытта халыққа мобильді қосымша арқылы қызмет көрсететін барлық екінші деңгейлі банк жаңа жүйеге қосылған.


Жаңа қызметтің басты артықшылығы - сатып алушы мен сатушының қай банкте қызмет көрсететініне қарамастан, төлемдер мен ақша аударымдары тәулік бойы нақты уақыт режимінде жүзеге асырылады.


Сонымен қатар кәсіпкерлер барлық қатысушы банктердің клиенттерінен бір ғана QR-код арқылы қолма-қол ақшасыз төлем қабылдай алады. Ол үшін жаңа терминал орнатудың қажеті жоқ - қызмет қолданыстағы құрылғыларда қолжетімді болады. Ал мобильді қосымшаларды жаңарту мәселесі бойынша пайдаланушылар өз банктеріне жүгіне алады.


Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанның ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымына Ұлттық төлем жүйесімен қатар цифрлық теңге, биометриялық сәйкестендіру платформасы, ашық банкинг жүйесі және Ұлттық антифрод орталығы кіреді.


Бүгінде Ұлттық төлем жүйесі тәулігіне шамамен 6,3 трлн теңге көлеміндегі операцияларды өңдейді. Айналымға 340 млрд теңгеден астам цифрлық теңге шығарылған. Ал биометриялық сәйкестендіру қызметі ай сайын 3,5 миллионға жуық сұранысты өңдейді.


Сондай-ақ Ұлттық антифрод орталығы жұмыс істеген уақыт ішінде 165 мыңнан астам алаяқтық және заңсыз қаржылық операцияны, оның ішінде қаржы пирамидалары мен заңсыз ойын бизнесіне қатысты құқық бұзушылықтарды анықтаған.


Ұлттық банк бұл жобалар қаржылық қызметтердің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға, төлем жүйесінің тиімділігін күшейтуге және еліміздің цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытуға бағытталғанын атап өтті.

50
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!