Otpan News Logo

Қаржаубай Көшен: «Ұлттық тәрбиені қайта жаңғыртпай, ұрпақ тәрбиесін түзей алмаймыз»

|
20.07.2026 14:41
Қаржаубай Көшен: «Ұлттық тәрбиені қайта жаңғыртпай, ұрпақ тәрбиесін түзей алмаймыз»

Әке – отбасының асыраушысы ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы, отбасының берекесін ұйыстыратын тұлға. Қазақ қашанда әкенің беделін жоғары қойып, баланы құрмет пен жауапкершілікке тәрбиелегені белгілі. Бүгінде қоғам өзгерді, заман жаңарды. Осы өзгерістер әкенің отбасындағы орнына қалай әсер етті? Ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын қалай сақтап қаламыз? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Маңғыстау ауданына қарасты Онды ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаржаубай Бейсенғұлұлы Көшенмен сұхбаттасқан едік.


- Қаржаубай Бейсенғұлұлы, бүгінде бала тәрбиесі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Сіздіңше, қазіргі қоғамда әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі өзгерді ме?

- Бала тәрбиесі - адамзатпен бірге жасасып келе жатқан мәңгілік мәселе. Қай қоғамда болмасын, қай заманда болмасын ұрпақ тәрбиесі бірінші орында тұруы тиіс. Себебі бүгінгі тәрбиенің нәтижесі - ертеңгі елдің келбеті. Сондықтан қазақ халқы ежелден тәрбиеге айрықша мән берді. Қазақтың дәстүрлі тәрбиесінде әкенің орны ерекше болған. Ұл бала да, қыз бала да ең алдымен әкесін құрметтеуге, оның сөзін тыңдауға тәрбиеленген. Әкенің айтқаны - заң, көрсеткен жолы - үлгі саналған. Бала қандай шешім қабылдаса да, әкесінің ақылына жүгінген. Мұның бәрі жай ғана тәртіп емес, қазақ қоғамындағы отбасы институтының берік негізі еді.

Біздің халқымызда «Әкең барда асқар тауың бар» деген сөз бекер айтылмаған. Әке тек асыраушы емес. Ол - отбасының қорғаны, бағыт берушісі, тәрбиешісі, ақылшысы. Баланың бойындағы жауапкершілік, намыс, еңбекқорлық, үлкенді сыйлау, уәдеге беріктік сияқты қасиеттердің көпшілігі әке тәрбиесі арқылы қалыптасады.

Алайда қоғам өзгерген сайын бұл жүйе де өзгеріске ұшырады. Әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтар көптеген отбасының тұрмысына әсер етті. Жұмыс орындары қысқарып, талай азамат жұмыссыз қалды. Бұрын отбасының негізгі тірегі саналған ер азаматтардың беделіне де осы жағдайлар ықпал етті. Кейбір әкелер күнкөрістің қамымен жүріп, бала тәрбиесіне бұрынғыдай көңіл бөле алмады. Кейбірінің өзінде жұмыс болмады. Отбасының ауыртпалығы аналардың иығына түскен кездер болды. Соның салдарынан көптеген шаңырақта әкенің тәрбиелік ықпалы әлсіреді.

Әрине, барлық отбасы туралы айтып отырған жоқпын. Бірақ мұндай құбылыс қоғамда болды. Мұны мойындауымыз керек. Бүгінде ұлттық құндылықтарға қайта бетбұрыс басталды. Халқымыз салт-дәстүрін жаңғыртуға ұмтылып жатыр. Дегенмен қазақ қоғамындағы әкенің бұрынғы тәрбиелік беделі толық қалпына келді деп айта алмаймын. Бұл бағытта әлі де атқарылар жұмыс көп.

- Уақыт өте келе отбасы құрылымы мен қоғам өзгерді. Осы өзгерістер әкенің бала тәрбиесіндегі рөліне қалай әсер етті?

- Менің ойымша, бұған әсер еткен тағы бір маңызды мәселе - мектептердегі ер мұғалімдердің азаюы. Бала өмірінің басым бөлігін мектепте өткізеді. Он бір жыл бойы оның жанында ұстаздар жүреді. Бірақ бүгінгі күні мектептерде әйел мұғалімдердің үлесі әлдеқайда басым. Кейбір білім ошақтарында ер мұғалімдердің саны он пайызға да жетпейді.

Бұл – жай ғана статистика емес. Өйткені ер мұғалімнің тәрбиесі мен әйел мұғалімнің тәрбиесі бірдей емес. Екеуі бірін-бірі толықтырып тұруы керек. Ұл балаға ер азаматтың мінезі, батылдығы, талапшылдығы, жауапкершілігі, ұстамдылығы қажет. Мұндай қасиеттерді күнделікті өмірде көріп өскен бала соған бейімделеді.

Жақында сондай бір мысалдың куәсі болдым. Бір кішкентай бала келіп: «Сәлем бердік», – деп амандасты. Мен оған: «Балам, сен ер азаматсың. Ер адамның амандасуы – "Ассалаумағалейкум". "Сәлем бердік" деп көбіне әйел адамдар айтады», - дедім. Бала бірден ұялып қалды. Өйткені ол жамандықтан емес, айналасынан көргенін қайталап тұр. Үйде анасының, мектепте апайларының амандасу үлгісін көріп өскен соң, өзі де солай сөйлейді. Міне, бұл - тәрбиедегі ұсақ сияқты көрінетін, бірақ үлкен мәселенің бір көрінісі. Егер ұл баланың жанында әкесі де, ер мұғалімі де жеткілікті болса, оның мінез-құлқы, өзін ұстауы, сөйлеуі де өзгеше қалыптасады.

- Әке тұлғасы қазақ отбасында әрқашан тәртіп пен тәрбие өлшемі ретінде қабылданған. Қазіргі уақытта осы әкелік беделдің қалыптасуына қандай факторлар әсер етіп отыр?

- Иә, бұрынғы тәрбие мүлде бөлек еді. Біздің бала күнімізде «Әкең келе жатыр» деген бір ауыз сөздің өзі бүкіл үйді тәртіпке келтіретін. Балалар ойынын тоқтататын. Үйдің іші жиналып, әркім өз орнын табатын. Бұл қорқыныш емес еді. Бұл - құрмет болатын. Әкенің киіміне дейін ерекше құрмет көрсетілетін. Оның бас киімін жерге тастамайтын. Аяқ киімінің өзін реттеп қоятын. Өйткені баланың санасына «әке - үйдің иесі, әке - отбасының тірегі» деген ұғым кішкентайынан сіңірілді.

Бүгінде мұндай тәрбиенің кейбір тұстары әлсіреді. Оның себебі тек ата-анадан емес, қоғамның өзгеруінен де болып отыр. Қазіргі баланың тәрбиесіне бұрынғыдай отбасы ғана ықпал етпейді. Оған интернет, әлеуметтік желі, телефон, түрлі бейнероликтер әсер етеді. Кейде ата-анадан гөрі смартфон баламен көбірек сөйлеседі десек, артық айтқандық болмайды.


Қазіргі баланы телефон тәрбиелеп жатыр

- «Әке – отбасының тірегі» деген ұғым әр қазаққа таныс. Сіздіңше, бүгінгі қоғамда осы сөздің мәні өзгерді ме?

- Жоқ, оның мәні ешқашан өзгерген емес. Әке - кешегі күні де отбасының тірегі болды, бүгін де солай, ертең де солай болады. Бұл - уақытқа тәуелді ұғым емес. Өзгерген нәрсе – әкенің қоғамдағы тәрбиелік ықпалының әлсіреуі ғана.

Мен «әке тәрбиесі жойылып кетті» деп отырған жоқпын. Бірақ бұрынғыдай пәрменді емес екені рас. Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі - қоғамның өзгеруі. Екіншісі - ақпараттық технологияның өмірімізге дендеп енуі. Бұрын бала үшін ең үлкен мектеп - отбасы болатын. Үйде көргенін өмірде қолданатын. Әкесінің қасында жүріп еңбекке араласатын. Мал бақса – бірге бақты, жер жыртса – бірге жыртты, ағаш шапса – бірге шапты. Яғни тәрбие сөзбен емес, іспен берілді.

Қазір жағдай басқа. Қазіргі баланың қолында смартфон бар. Телефон арқылы ол бүкіл әлемді көреді. Бірақ сол көрген дүниесінің бәрі пайдалы емес. Шыны керек, бұрын біздің балаларды теледидар тәрбиеледі. Ал бүгінгі күні баланы телефон тәрбиелеп жатыр.

- Смартфонның әсері соншалықты күшті деп есептейсіз бе?

- Әрине. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Өйткені телефон қазір адамның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып кетті. Бүгін төртінші, бесінші сыныптағы балалардың өзінде жеке смартфон бар. Ата-анасы алып бермесе де, досынан көреді, мектепте көреді, бәрібір қолына ұстайды. Сондықтан «телефонды мүлдем алып қояйық» деу шындыққа жанаспайды.

Бірақ мәселе телефонның өзінде емес, оны қалай пайдаланып жүргенімізде. Қазір интернетте пайдалы ақпараттан гөрі бос уақыт өткізетін дүниелер өте көп. Әсіресе түрлі күлкілі бейнероликтер, мағынасыз әзілдер, уақытты босқа өткізетін контент жастардың назарын өзіне аударып алды.

Бала сабақтан келіп, аз ғана бос уақыты болса, кітап оқуға немесе ата-анасымен әңгімелесуге емес, телефонға үңіледі. Бір бейнеролик көреді, артынан екіншісі шығады. Сөйтіп уақыттың қалай өткенін де байқамайды. Осыдан кейін баланың мінезі де өзгереді. Сабырсыздық көбейеді, еңбекке деген ынта азаяды, кітап оқуға қызықпайды. Ең өкініштісі – ата-анамен сөйлесу азаяды.

Бұрын кешкілік әке баласын қасына отырғызып, әңгіме айтатын. Аталардың өмірінен мысал келтіретін. Қазақтың шежіресін, батырларын, салт-дәстүрін үйрететін. Қазір сол әңгіменің орнын әлеуметтік желі басып барады. Бұл – өте қауіпті үрдіс.

- Сонда бұл мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз?

- Меніңше, ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі артуы керек. Біз баланы телефоннан бір күнде ажырата алмаймыз. Бірақ оны пайдалы дүниеге бағыттай аламыз. Мысалы, телефонда тек ойын ғана емес, білім беретін бағдарламалар да жеткілікті. Тарих бар, әдебиет бар, ғылым бар. Егер ата-ана баласымен бірге отырып, оның не қарап жүргенін бақылап отырса, бала да біртіндеп жақсы дүниеге қызыға бастайды.

Екінші мәселе – мектеп пен қоғамның бірлескен жұмысы. Ұлттық тәрбие тек үйде ғана емес, мектепте де берілуі керек. Баланың санасына қазақтың дүниетанымын, дәстүрін, үлкенді құрметтеуді, кішіге қамқор болуды мектеп қабырғасынан бастап сіңіруіміз қажет. Өкінішке қарай, қазіргі тәрбиелік жұмыстардың дені науқандық сипатта қалып қояды. Бір-екі іс-шара өткізіп, сонымен тоқтаймыз. Ал тәрбие – күн сайын берілетін үздіксіз жұмыс.

- Жалпы, әке баласына ең алдымен нені үйретуі керек деп ойлайсыз?

- Әке ең алдымен баланың мінезін қалыптастыруы керек. Адамның өмірінде байлықтан да, қызметтен де маңызды нәрсе бар. Ол - мінез. Мінезі қалыптасқан адам қандай қиындық болса да жолын табады. Ал мінезі әлсіз адам қолындағы бар мүмкіндікті де пайдалана алмайды.

Сондықтан әке баласына ең алдымен төзімділікті, жауапкершілікті, еңбекқорлықты және батылдықты үйретуі қажет. Мысалы, бала құлап қалса, анасы бірінші болып жүгіріп барып жұбатады. Бұл - ананың табиғаты. Ал әке басқаша қарайды. Әке баласын аяйды, бірақ аяушылықпен тәрбиелемейді. Ол: «Қалай құладың? Енді мұндай жағдай қайталанбас үшін не істеу керек?» деп үйретеді.

Яғни мәселені айналып өтуді емес, мәселені шешуді көрсетеді. Өмірдің өзі сондай емес пе? Өмірде әр адамның алдынан түрлі қиындық шығады. Біреу жұмыстан айырылады, біреу денсаулығынан айырылады, біреу жақынын жоғалтады. Сондай кезде адамды құтқаратын нәрсе – мінез. Сол мінезді қалыптастыратын адамның бірі – әке.

- Әкенің тәрбиесі баланың өмірлік ұстанымына қалай әсер етеді?

- Әке баласына қиындықтан қашуды емес, қиындықпен күресуді үйретеді. Өмірде ештеңе дайын күйінде келмейді. Кез келген жетістіктің артында еңбек жатыр. Мұны балаға сөзбен емес, күнделікті әрекетпен көрсету керек. Бала әкесінің еңбек етіп жүргенін көруі керек. Әкесінің уәдесінде тұратынын көруі керек. Әкесінің үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болып жүргенін көруі керек. Өйткені бала айтқанды емес, көргенін қайталайды.

Сондықтан әкенің әрбір әрекеті – бала үшін үнсіз тәрбие. «Әке тәрбиесі – мінез тәрбиесі» Әсіресе ұл бала үшін әке – өмір мектебі. Ұл әкесіне қарап ер азаматтың қандай болуы керектігін үйренеді. Оның сөйлеу мәнерінен бастап, адамдармен қарым-қатынасына дейін бойына сіңіреді. Сондықтан әке тәрбиесі балаға ауадай қажет. Менің байқауымша, әке тәрбиесін көріп өскен бала өмірдің қиындығына ертерек дайын болады. Ол жауапкершілікті сезінеді. Жиырма жасқа жеткенде-ақ өзін отбасы мен қоғам алдындағы міндетін түсінетін азамат ретінде қалыптастырады. Әке баласына «қиындықтан қаш» деп емес, «қиындықты жең» деп үйретуі керек. Өмірдің өзі күрес екенін ұғындыруы қажет. Өкінішке қарай, бүгінгі жастардың арасында сәл ғана қиындық кездессе, үмітін үзіп, торығып кететіндер бар. Бұл - мінездің әлсіздігін көрсетеді. Ал мінез кездейсоқ қалыптаспайды. Ол - тәрбиенің жемісі.

- Жалпы бала тәрбиесінде қаталдық қаншалықты маңызды? Қазіргі ата-аналардың бірі баланы еркін өсіруді дұрыс десе, енді бірі қатал тәртіпті жақтайды.

- Қаталдық дегенді дөрекілікпен шатастырмау керек. Қазақ тәрбиесінде қаталдықтың да өз орны, өз өлшемі болған. Халқымыз бала тәрбиесін кезең-кезеңімен жүргізген. «Бес жасқа дейін баланы патшаңдай күт, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сыйла» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл - ғасырлар бойы қалыптасқан үлкен педагогика. Бес жасқа дейін балаға мейірім көбірек керек. Ол дүниені танып келеді. Оның бойында қорқыныш емес, сенім қалыптасуы қажет.

Ал есейе бастаған кезде жауапкершілік жүктеледі. Үйдің жұмысына араласады, еңбекке үйренеді, тәртіпке бағынады. Өйткені еңбек көрмеген бала өмірдің қадірін түсінбейді. Он бес жасқа келгенде бала енді басқа деңгейге көтеріледі. Бұл жаста оған үнемі бұйыра беру дұрыс емес. Керісінше, ақылдасып, пікірін тыңдап, өзімен тең дәрежеде сөйлесе білу керек.

Меніңше, қазіргі кейбір ата-аналар осы тепе-теңдікті жоғалтып алған. Бірі баласын шектен тыс еркелетеді. Не сұраса, соны әпереді. Екіншісі керісінше, баламен сөйлеспей, тек бұйрық берумен шектеледі. Екі тәсілдің де соңы дұрыс нәтиже бермейді.

- Қазіргі ата-аналардың жиі жіберетін қателігі неде деп ойлайсыз?

- Қазіргі ата-аналардың ең үлкен қателігі – баланың барлық мәселесін өздері шешіп береді. Бала сүрінсе, бірден жүгіріп барып көтереді. Бала бір нәрсені істей алмай жатса, өзі орындап береді. Бала қиналмасын дейді. Бірақ өмір ешкімді аямайды ғой. Ертең ол бала үлкен өмірге шыққанда қасында анасы да, әкесі де болмайды. Өз мәселесін өзі шешуге тура келеді. Егер бала соған дайын болмаса, алғашқы қиындықтың өзінде-ақ абдырап қалады. Сондықтан кейде баланың өзі қателесіп, өзі түзегені де дұрыс. Әрине, бақылаусыз қалдыру емес. Бірақ әр қиындықтың шешімін ата-анасы тауып беретін болса, баланың ойлау қабілеті де, жауапкершілігі де дамымайды. Біз баланы өмірден қорғап емес, өмірге дайындап өсіруіміз керек.

- Сонда әкенің негізгі міндеті қандай деп айтар едіңіз?

- Әкенің ең үлкен міндеті - баласына мінез қалдыру. Байлық та қалады, дүние де қалады. Бірақ жақсы тәрбие ешқашан жоғалмайды. Әке баласына үлкен үй немесе қымбат көлік қалдырмауы мүмкін. Бірақ егер ол баласына адалдықты, еңбекқорлықты, намысты, жауапкершілікті үйрете алса, сол – ең үлкен мұра. Қазақтың күші де осында болған. Біздің ата-бабамыздың бәрі бай болған жоқ. Бірақ бәрінің тәрбиесі мықты болды. Сол тәрбиенің арқасында елін қорғады, жерін сақтады, ұрпағын өсірді. Бүгінгі күні де бізге ең керегі - осы рухани мұра. «Ұлттық тәрбиенің тамыры үзілмеуі керек»

- Қазақ халқы соңғы жүз жылда үлкен тарихи өзгерістерді бастан өткерді. Кеңес кезеңі, тоқсаныншы жылдардағы қиындықтар, бүгінгі жаңа заман - осы кезеңдердің барлығы отбасы тәрбиесіне әсер етті. Бұрынғы әке тәрбиесінен қазіргі ата-аналар қандай үлгі алуы керек деп ойлайсыз?

- Әр заманның өз қиындығы болады. Біздің халқымыз да талай тарихи кезеңдерді бастан өткерді. Соған қарамастан ең басты нәрсені – ұрпақ тәрбиесін жоғалтпауға тырысты. Бүгінгі ата-аналар – кешегі тәрбиені көріп өскен балалар. Олар да кезінде ата-анасынан алған тәрбиесін енді өз баласына береді. Сондықтан ең алдымен өзімізге: «Біз қандай тәрбие алдық? Біздің ата-бабамыздың тәрбиесінде қандай жақсы қасиеттер болды?» деген сұрақ қоюымыз керек.

Қазақтың дәстүрлі тәрбиесінде жақсы қасиеттер өте көп болды. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, ағайынмен араласу, сөзге тоқтау, уәдеге беріктік, еңбекқорлық – осының бәрі бала бойына кішкентайынан сіңірілді. Өкінішке қарай, өткен ғасырда халқымыздың көптеген ұлттық құндылықтарына үлкен өзгерістер келді. Кеңес дәуірінде қоғамның өмір салты өзгерді. Көптеген ұлттық дәстүрлер екінші орынға ығысты. Әрине, ол кезеңнің жақсы жақтары да болды. Білім, ғылым, медицина саласында үлкен өзгерістер жасалды. Бірақ сонымен бірге ұлттық тәрбие жүйесі әлсіреді.

- Кеңес кезеңінің тәрбиесіне қатысты қандай мәселелерді атап өтер едіңіз?

- Менің ойымша, сол кезеңдегі ең үлкен мәселе – адамның ұлттық болмысынан алыстауы болды. Ұзақ уақыт бойы халқымыз өз тілінен, дәстүрінен, тарихи жадынан алыстап қалды. Кейбір ұлттық құндылықтар ескі нәрсе ретінде қабылданды.

Адамның ойлау жүйесіне де әсер етті. Кей жерде еңбек ету, өз күшіне сену емес, дайын дүниеге үйрену, біреуге қарап қалу сияқты түсініктер қалыптасты. Әрине, мұның бәрін бір ғана кезеңмен байланыстырып қоюға болмайды. Әр адамның тәрбиесі өз отбасынан басталады. Бірақ қоғамдағы жалпы бағыттың да адамға әсер ететіні рас. Бүгінде сол кезеңнен қалған кейбір әдеттер әлі де кездеседі. Мысалы, өз еңбегімен жетістікке жетуге ұмтылмай, жеңіл жол іздеу, жағымпаздық, жауапкершіліктен қашу сияқты қасиеттер. Бұлардың бәрі – тәрбиенің мәселесі.

- Қазіргі кезде ұлттық тәрбиені қалай жаңғырта аламыз?

- Ең алдымен, өзіміздің тамырымызды білуіміз керек. Ұлттық тәрбие деген тек домбыра үйрену немесе салт-дәстүрді сыртқы түрде көрсету емес. Оның терең мәні бар. Ұлттық тәрбие – адамның мінезі. Мысалы, үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, сөздің қадірін білу, ар-намысты жоғары қою, адал еңбек ету - мұның бәрі қазақ тәрбиесінің негізі.

Біз заманға бейімделуіміз керек. Қазір бұрынғыдай өмір сүре алмаймыз. Технология дамыды, қоғам өзгерді. Бірақ өзгермейтін құндылықтар бар. Олар - отбасы, тәрбие, сыйластық, жауапкершілік. Сондықтан қазіргі ата-ана бұрынғы тәрбиенің жақсы жақтарын алып, оны бүгінгі заманмен үйлестіре білуі керек.

- Бүгінде көптеген қоғамдастықты алаңдататын мәселенің бірі – ажырасудың көбеюі. Оның бала тәрбиесіне әсері қандай?

- Бұл - өте маңызды мәселе. Ең алдымен айтарым - ажырасқан отбасыдағы баланың ешқандай кінәсі жоқ. Ол ата-анасының шешіміне жауапты емес. Бірақ отбасының бұзылуы балаға міндетті түрде әсер етеді.

Қазақ қоғамында бұрын отбасы ерекше құндылық саналған. Ажырасу өте сирек кездескен. Себебі отбасы тек екі адамның емес, екі әулеттің байланысы ретінде қаралған. Бұрын жастар үйленгенде тек өз сезіміне емес, жауапкершілікке де қараған. Отбасы құрудың мәнін түсінген.

Ал қазір кей жағдайда жастар отбасының қиындықтарына дайын болмай жатады. Олар тек жақсы күнді ойлайды. Бірақ өмірде қуанышпен бірге сынақ та болады. Ерлі-зайыпты бір-бірін түсінуді, кешірімді болуды, қиындықты бірге еңсеруді үйренуі керек.

- Ажырасудың көбеюіне тәрбиенің әсері бар деп ойлайсыз ба?

- Әрине, тәрбиенің әсері бар. Егер бала кішкентайынан отбасы деген не екенін, ер азаматтың міндеті қандай, әйел адамның орны қандай екенін түсініп өссе, болашақта отбасыға жауапкершілікпен қарайды.

Қазақтың ұлттық тәрбиесінде отбасы туралы түсінік анық болған. Әр адамның өз міндеті, өз орны болған. Қазір кейбір жастар салт-дәстүрді, отбасы жауапкершілігін толық білмей өсіп келеді. Сондықтан өмірдің белгілі бір кезеңінде қиындыққа тап болғанда, оны қалай шешуді білмей қалады. Ұлттық тәрбиеде көптеген мәселенің шешімі бұрыннан қалыптасқан. Үлкенді тыңдау, сабыр сақтау, ақылмен әрекет ету, отбасының бірлігін сақтау – мұның бәрі халқымыздың өмір тәжірибесінде бар. Сондықтан ажырасу мәселесін шешудің бір жолы – жастарға дұрыс тәрбие беру.

- Сонда отбасының беріктігі ең алдымен тәрбиеден басталады дейсіз ғой?

- Иә, дәл солай. Тәрбие дұрыс болса, адам өмірде көп қателіктен сақтанады. Балаға кішкентайынан «обал болады», «сауап болады», «ұят болады» деген үш ұғымды түсіндіру керек. Бұл – қазақ тәрбиесінің үлкен негізі. Обалды білген адам біреуге зиян келтірмейді. Сауапты білген адам жақсылық жасауға ұмтылады. Ұятты білген адам өз ісіне жауап береді. Осындай қарапайым, бірақ терең ұғымдар баланың өмірлік бағытын қалыптастырады.


Балаға қалатын ең үлкен мұра – тәрбие

- Бала әкесімен сырлас болуы үшін қандай қарым-қатынас орнауы керек? Әсіресе жасөспірім шақтағы балалар үшін бұл қаншалықты маңызды?

- Ең бірінші мәселе – сыйластық. Бала мен әкенің арасындағы барлық қарым-қатынас сыйластықтан басталады. Қазақта «Ата-анасын сыйлаған адам өмірде жолын табады» деген түсінік бар. Бала ең алдымен әке-шешесін құрметтеуді үйренуі керек. Бұл – оның міндеті. Бірақ сыйластық тек баланың міндеті емес. Әке де баласының тұлға екенін түсінуі керек. Бала өскен сайын оның ойы, пікірі қалыптасады. Әке сол пікірді тыңдай білуі қажет.

Бұрынғы тәрбиеде әке мен бала арасындағы қарым-қатынас көбіне қатал тәртіпке негізделді. Әкенің сөзі заң болды. Бұл дұрыс жағы еді. Бірақ қазіргі заманда баламен сөйлесудің жолы да өзгеруі керек. Қазір бала көп нәрсені сырттан көріп өседі. Интернеттен, мектептен, достарынан түрлі ақпарат алады. Сондықтан әке баласының жан дүниесін түсінуге тырысуы керек. Әке тек «мен үлкенмін» деп талап ететін адам емес, баласына бағыт көрсететін тұлға болуы керек. Егер бала әкесінен тек ұрыс еститін болса, ол ішкі сырын айта бермейді. Ал әкесімен еркін сөйлесетін бала көп жағдайда дұрыс жолдан адаспайды.

- Қазіргі әкелердің алдында қандай қиындықтар бар деп ойлайсыз?

- Қазіргі әкенің қиындығы бұрынғыдан кем емес. Себебі заман өзгерді. Бұрын бала тәрбиесінде негізгі ақпарат көзі отбасы болатын. Әке мен ананың айтқаны баланың дүниетанымын қалыптастыратын. Ал бүгін баланың алдында көптеген ақпарат көзі бар. Ол интернеттен, әлеуметтік желіден, түрлі адамдардан ақпарат алады. Кейде бала әкесінен бұрын жаңа дүниені біліп қояды. Сондықтан қазіргі әке де өзін үнемі дамытуы керек. «Мен әкемін, мен бәрін білемін» деп тоқтап қалуға болмайды. Әке заманмен бірге жүруі керек. Баласының қызығушылығын білуі керек. Қандай ақпарат алып жүргенін түсінуі керек.

Сонымен қатар әке өзі де үлгі болуы қажет. Балаға «кітап оқы» деп айтып, өзі телефон қарап отырса, бала оны қабылдамайды. Балаға «еңбек ет» деп айтып, өзі жалқаулық көрсетсе, бала оны көріп өседі. Сондықтан тәрбие сөзден бұрын әрекетпен беріледі.

- Жақсы әке деген кім? Оны қалай сипаттар едіңіз?

- Менің түсінігімде жақсы әке – баласына дұрыс тәрбие бере алған адам. Байлық немесе дүние жақсы әкенің өлшемі емес. Әке баласына үй, көлік, дүние қалдыруы мүмкін. Бірақ оның бәрі бір күні өзгереді, жоғалады. Ал жақсы тәрбие - адамның өмір бойғы байлығы. Егер әке баласына ұлттық тәрбиені, адамгершілікті, еңбекқорлықты, үлкенді сыйлауды, кішіні құрметтеуді үйретсе – сол ең үлкен мұра. Өйткені баланың өмірде қандай адам болатыны әкесінің берген тәрбиесіне байланысты. Әкенің абыройы да дүние-мүлікпен өлшенбейді. Адамның шын байлығы - артында жақсы аты мен тәрбиелі ұрпағының қалуы.

- Қазіргі жастар бала тәрбиесінде қандай қателіктер жіберіп жүр деп ойлайсыз?

- Бірінші қателік – баланың барлық қалауын орындау. Қазір көп ата-ана баласына жақсы жағдай жасауға тырысады. Бұл, әрине, дұрыс. Әр ата-ана баласының ештеңеден кем болмағанын қалайды. Бірақ кейде осының шегінен шығып кетеміз.

Бала не сұраса да алып беру, барлық қиындықтан қорғау – әрдайым жақсы нәтиже бермейді. Бала өмірдің қиындықтарын да көруі керек. Еңбек еткеннің, маңдай термен жеткеннің қадірін түсінуі керек. Қазір кейбір балалардың ішіп-жегені, киімі түгел. Бірақ соған қарамастан өмірдің қарапайым құндылықтарын түсінбейтіндері бар. Себебі олар дайын дүниеге үйреніп қалған. Балаға ең алдымен жақсы мен жаманды ажыратуды үйрету керек. Қазақта «обал болады», «сауап болады», «ұят болады» деген үш үлкен ұғым бар. Осы үш ұғымның мағынасын бала түсінсе, өмірде көп нәрсені дұрыс жасайды.

– Кейбір ата-аналар баланы қатты бақылау керек десе, енді бірі еркіндік беру керек дейді. Бұған сіздің ойыңыз қандай?

– Балаға толық еркіндік беру де, шамадан тыс қысым жасау да дұрыс емес. Тәрбие деген – тепе-теңдік. Балаға жасына қарай талап қою керек. Кішкентай кезінде оған мейірім қажет. Өсе келе жауапкершілік үйрету керек. Ал есейген кезде оның пікірін тыңдап, ақылдасу қажет. Балаға сенім беру керек. Бірақ бақылауды да ұмытпау керек. Әке баласына жол көрсетуі тиіс. Бірақ оның орнына барлық мәселені шешіп бермеуі керек. Өйткені адам өз тәжірибесі арқылы да үйренеді.

- Бүгінгі ата-аналар ең алдымен қандай қасиетке мән беруі керек?

- Ең бастысы – ұлттық тәрбиеге. Біз баламызға тек жақсы өмір жағдайын жасап қана қоймай, жақсы адам болуды үйретуіміз керек. Қазіргі заманда білім де керек, технологияны меңгеру де керек. Бірақ адамның негізі – тәрбие. Тәрбиесіз білімнің пайдасы аз. Сондықтан әр ата-ана баласының сабағын ғана емес, мінезін де бақылауы керек. Оның кіммен араласатынын, қандай ой қалыптастырып жатқанын білуі керек. Балаға уақыт бөлу – ең үлкен тәрбие.


Ұлттың болашағы – отбасындағы тәрбиеден басталады

- Ұлттық тәрбиені қалыптастыруда мектептің рөлі қандай болуы керек деп ойлайсыз?

- Мектеп – баланың екінші отбасы. Сондықтан мектептегі тәрбие мәселесіне ерекше мән беруіміз керек. Бала он бір жыл бойы мектепте білім алады. Осы уақыт ішінде оның дүниетанымы қалыптасады. Сол себепті мектеп тек пән үйрететін орын емес, тұлға қалыптастыратын орта болуы қажет. Қазір мектептерде ұлттық құндылықтарға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ оны әлі де күшейту керек деп ойлаймын.

Ұлттық тәрбие деген тек мереке күндері ұлттық киім киіп, іс-шара өткізу емес. Ол – баланың күнделікті өміріне айналуы керек. Мысалы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, амандасу мәдениеті, ата-ананы құрметтеу, елін, жерін қадірлеу сияқты қасиеттер баланың бойына тұрақты сіңуі керек. Бұл тәрбие тек мұғалімнің немесе ата-ананың міндеті емес. Оған бүкіл қоғам жауапты.

- Бүгінгі жастарға, жас ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең бірінші айтарым - бала тәрбиесіне уақыт бөлу керек. Қазір ата-аналардың көпшілігі баласының жағдайын жасауға тырысады. Бұл дұрыс. Бірақ балаға тек ақша, киім, жақсы тамақ жеткіліксіз.

Баланың ең үлкен қажеті – ата-ананың назары. Кейде ата-ана баласына қымбат телефон алып береді, жақсы киіндіреді, бірақ онымен отырып сөйлесуге уақыт таппайды. Ал балаға керегі - әкесінің бір ауыз ақылы, анасының мейірімі. Бала ата-анасынан жылу сезінуі керек. Екінші мәселе – өзіміз үлгі болуымыз керек. Балаға «үлкенді сыйла» деп айтып, өзіміз үлкенді сыйламасақ, ол сөзімізге емес, ісімізге қарайды. Балаға «еңбек ет» деп айтып, өзіміз жалқаулық көрсетсек, ол да соны үйренеді. Тәрбие – күнделікті өмірдегі әрекеттен қалыптасады.

- Қазіргі заманда ұлттық құндылықтарды сақтау қиын болып бара жатқан жоқ па?

- Қиындық бар. Себебі заман өзгерді. Ақпарат көп. Әртүрлі мәдениеттер араласып жатыр. Бірақ ұлттық құндылықты сақтау мүмкін емес деген сөз емес. Керісінше, қазіргі жаһандану заманында өз болмысымызды сақтау бұрынғыдан да маңызды. Басқа халықтың жақсы қасиетін үйренуге болады. Бірақ өз тамырымызды ұмытпауымыз керек. Адам өзінің кім екенін, қайдан шыққанын, қандай халықтың ұрпағы екенін білуі қажет. Тілін, дәстүрін, тарихын білмеген ұрпақтың рухани тірегі әлсірейді. Сондықтан баланы кішкентайынан өз ұлтының құндылықтарымен тәрбиелеуіміз керек. Бұл бір күнде қалыптасатын нәрсе емес. Ол отбасыдан басталып, мектепте жалғасып, қоғамда орнығады.

– Кейде «заман өзгерді, бұрынғы тәрбиені қазіргі балаға қолдануға болмайды» деген пікірлер айтылады. Бұған не дейсіз?

- Заман өзгерді, оны мойындауымыз керек. Бұрынғы өмір мен қазіргі өмірдің айырмашылығы көп. Бірақ адамдық қасиеттер ешқашан өзгермейді. Үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, адал болу, еңбек ету, жауапкершілікті сезіну – бұлар қай заманда да қажет. Біз бұрынғы тәрбиенің бәрін сол қалпында қайталай алмаймыз. Бірақ оның негізін сақтауымыз керек.

Мысалы, бұрын бала әкесінің жанында жүріп көп нәрсе үйренді. Қазір әке баласымен бірге уақыт өткізу арқылы сол тәрбиені бере алады. Бұрын ақпарат аз болды. Қазір ақпарат көп. Бірақ адамның дұрыс пен бұрысты ажырата білуі одан да маңызды. Сондықтан ұлттық тәрбиенің мәні – өткенді қайталау емес, жақсы құндылықтарды жаңа заманға бейімдеу.

- Сіздің ойыңызша, жақсы әкенің ең басты қасиеті қандай?

- Жақсы әке – баласына дұрыс бағыт көрсете алған әке. Балаға тек бұйрық беріп, талап қою жеткіліксіз. Әке өзінің өмірімен үлгі болуы керек. Ең бастысы - баласына ұлттық тәрбиені жеткізу. Өйткені балаға қалатын ең үлкен мұра - дүние емес, тәрбие. Байлық бір күні азаюы мүмкін. Үй, көлік, басқа да дүниелер уақытша нәрсе. Ал жақсы тәрбие адамның бойында өмір бойы сақталады. Егер бала ата-анасын сыйласа, еңбекті бағаласа, адалдықты білсе, ол өмірде өз орнын табады.

- Әңгімеңізді қорытындылай келе, бүгінгі қоғамға қандай ой айтар едіңіз?

- Менің айтарым – ұрпақ тәрбиесіне барлығымыз жауаптымыз. Бала тек бір отбасының емес, елдің болашағы. Сондықтан әр әке өз міндетін түсінуі керек. Әке отбасының тек материалдық жағдайын жасайтын адам емес. Ол - баланың өмірлік ұстазы. Әр ана баласына мейірім береді. Ал әке оған бағыт береді. Екеуі бірге болғанда ғана бала толыққанды тұлға болып қалыптасады. Біз ұлттық тәрбиені қайта жаңғыртуымыз керек. Бірақ оны құр сөзбен емес, нақты әрекетпен көрсетуіміз қажет. Баламыздың бойына жақсы қасиет сіңірсек, ертеңгі қоғамымыз да жақсы болады. Өйткені ұлттың болашағы – мектептен ғана емес, ең алдымен әр отбасының төрінен басталады.


8
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!