Otpan News Logo

Айбек Имашев Қазақстан дзюдо федерациясының Бас хатшысы қызметіне тағайындалды

|
21.07.2026 14:26
Айбек Имашев Қазақстан дзюдо федерациясының Бас хатшысы қызметіне тағайындалды

Маңғыстау облысының дзюдо федерациясының президенті Айбек Имашев Қазақстан дзюдо федерациясының Бас хатшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Еліміздің туризм және спорт министрлігінің келісімімен және Қазақстан дзюдо федерациясы басшылығының шешімімен Айбек Әсетұлы Имашев жаңа қызметке кіріскені мәлім болды.


Айбек Имашев 1992 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. Ол дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 5 ДАН иегері, жоғары санатты бірінші біліктілік санатындағы жаттықтырушы.


Спортшы ретінде ол Азия және Еуропа чемпионаттарында жеңімпаз атанып, Әлем кубогында күміс жүлде иеленді. Сонымен қатар «Grand Slam» және «Grand Prix» халықаралық турнирлерінде жүлдегерлер қатарынан көрінді.


Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Айбек Имашев жаттықтырушылық және басқарушылық бағытта еңбек етті. Ол Маңғыстау облысы дзюдо құрамасының аға жаттықтырушысы, Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, Маңғыстау облысы дзюдо орталығының директоры қызметтерін атқарды.


Сондай-ақ ол Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеп, 2023-2025 жылдары Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры қызметін атқарған.


Айбек Имашев Қазақстан Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан дзюдо федерациясының «Дзюдо тарланы» орденімен және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Алғыс хатымен марапатталған.

Бұған дейін федерацияның Бас хатшысы лауазымын атқарған Тимур Болат Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры қызметіне тағайындалды.


Федерация мәліметінше, бұл кадрлық өзгерістер отандық дзюдоны дамытуға бағытталған стратегиялық міндеттерді тиімді жүзеге асыруға, ұйым жұмысының сапасын арттыруға және Қазақстан дзюдосының халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал етеді.


Айта кетейік, Айбек Имашев 2026 жылдың қаңтар айында Маңғыстау облысының дзюдо федерациясының президенті қызметіне сайланып, өңірдегі дзюдо қозғалысының дамуына елеулі үлес қосты.

45
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!