Otpan News Logo

Энергетика министрі Жаңаөзен газ өңдеу зауытының құрылысын жеделдетуді талап етті

Энергетика министрі Жаңаөзен газ өңдеу зауытының құрылысын жеделдетуді талап етті

Жаңаөзенде салынып жатқан газ өңдеу зауытының құрылысы бекітілген кестеден айтарлықтай кешігіп жатыр. Осыған байланысты Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мердігер ұйымдарға құрылыс қарқынын бірнеше есе арттыруды тапсырды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында министр Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының құрылыс алаңына барып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.


Министрдің айтуынша, келісімшарт бойынша құрылыс мерзімі 36 айды құрайды. Қазіргі таңда оның 29 айы өткеніне қарамастан, жобаның жалпы дайындық деңгейі шамамен 40 пайыз ғана. Яғни құрылысқа бөлінген уақыттың 81 пайызы пайдаланылғанымен, орындалған жұмыс көлемі жоспарланған көрсеткіштен едәуір төмен.


«Мұндай құрылыс қарқыны бізді қанағаттандырмайды. Мердігерлер жұмыс көлемін дереу ұлғайтуы тиіс», – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.


Министрлік мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу деңгейі небәрі 13 пайызды құрайды. Сондай-ақ бетон құю жұмыстары да жоспардан айтарлықтай артта қалып отыр. Жоспарланған 58,4 мың текше метрдің орнына әзірге 7,5 мың текше метр ғана бетон құйылған.


Технологиялық жабдықтарды жеткізу жұмыстары да баяу жүргізілуде. Тапсырыс берілген 259 жабдықтың тек 98-і ғана шетелдік өндірушілерден жөнелтілген. Осыған байланысты мердігерлерге жабдық жеткізуді жеделдету, шетелдік өндірушілермен жұмысты күшейту және Қазақстан аумағында модульдік құрастыру өндірісін кеңейту тапсырылды.


«Жаңаөзен газ өңдеу зауыты – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Тапсырыс беруші мердігерлерді жүз пайыз аванспен уақытылы қамтамасыз етті. Енді құрылыс қарқынын күшейтіп, зауытты белгіленген мерзімде пайдалануға беру қажет», – деді министр.


Құрылысты жеделдету үшін нысанға қосымша жұмыс күші мен арнайы техника тартылмақ. Құрылыстың ең қарқынды кезеңінде мұнда 1200-ге дейін маман еңбек етеді деп жоспарланған.


Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін жылына 900 миллион текше метр газ өңдеуге қауқарлы болады. Кәсіпорында жыл сайын 743 миллион текше метр тауарлық газ, 217 мың тонна сұйытылған мұнай газы және 122 мың тонна пентан-гексан фракциясы өндірілмек.


Энергетика министрлігі жобаның жүзеге асырылуын бақылауды күшейткенін мәлімдеді. Енді мердігер ұйымдар құрылыс барысы, орындалған жұмыстар және кешігулерді жою шаралары туралы апта сайын жедел есеп беріп отырады.


Айта кетейік, Жаңаөзен газ өңдеу зауытын пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.

6
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!