АҚШ құрамасы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші матчында АҚШ құрамасы Аустралияны 2:0 есебімен жеңіп, плей-офф кезеңіне шығуды мерзімінен бұрын қамтамасыз етті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Сиэтл қаласындағы «Люмен Филд» стадионында өткен кездесуде есеп 11-минутта ашылды. Аустралия құрамасының қорғаушысы Кэмерон Бёрджесс өз қақпасына гол соғып алды. Ал 43-минутта Алекс Фримен мергендік танытып, алаң иелерінің басымдығын еселей түсті.
Осылайша, топтық кезеңдегі екінші жеңісіне қол жеткізген АҚШ құрамасы 6 ұпай жинап, әлем чемпионатының 1/16 финалына шықты. Бұған дейін америкалықтар Аустралиямен екі рет кездесіп, екі ойында да жеңіске жеткен болатын.
Топтық кезеңнің соңғы турында АҚШ құрамасы 26 маусымда Түркиямен кездессе, Аустралия құрамасы Парагвайға қарсы алаңға шығады. Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир тарихта алғаш рет 48 құраманың қатысуымен ұйымдастырылуда.