Маңғыстаулық спортшы әлем кубогында қола жүлде жеңіп алды
Маңғыстау облысының киокушинкай-кан каратэ федерациясының спортшысы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Хамит Саламат Болгария Республикасының Варна қаласында өткен SENSHI World Cup 2026 Әлем кубогында тамаша өнер көрсетіп, 90 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Киокушинкай-кан каратэ федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Хамит Саламат жарыстың ең әсерлі жеңістерінің бірін тіркеп, қарсыласын айқын нокаутпен жеңгені үшін «Үздік нокаут» (Best Knockout) арнайы номинациясымен марапатталды.
Халықаралық дода барысында жерлесіміз АҚШ және Молдова елдерінің мықты спортшыларымен жекпе-жек өткізіп, АҚШ спортшысын жарқын нокаутпен жеңіп, қазақ жауынгерлерінің қайсар рухын әлемге тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл – Хамит Саламаттың ғана емес, Маңғыстау облысының, киокушинкай-кан каратэ федерациясының және күллі Қазақстан спортының үлкен жетістігі. Осындай халықаралық аренадағы жарқын жеңістер – еліміздің көк Туын биікке көтеріп, Әнұранымызды әлемге танытатын мақтаныш.