Атыраулық күн сәулелі балалар Ақтауда қойылым қойды
Ақтаудағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде күн сәулелі балалар арнайы қойылым қойды. Атыраулық «Мен бармын!» қоғамдық қорының ерекше қажеттіліктері бар жеткіншектері Маңғыстау жұртшылығына арнайы концерттік бағдарламасын ұсынды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Іс-шараның басты мақсаты – ерекше балаларды тәрбиелеп жатқан ата-аналарға рухани демеу көрсетіп, мотивация беру. Сонымен қатар, мұндай балалардың да қоғам алдында өз қабілеттерін ашық көрсетіп, тең дәрежеде өнер көрсете алатынын дәлелдеу.
Гастрольдік сапармен келген жас өнерпаздар көрермен назарына екі түрлі жанрдағы қойылым ұсынды. Алғашқысы – “Жәннат”, ананың қадірі мен ұлылығын паш етіп, “Жәннат — ананың табанының астында” екенін терең сезіндірген әсерлі мелодрама. Сондай-ақ мектеп өмірі мен оқушының ұстазына деген пәк сезімін суреттейтін «Алғашқы махаббат» комедиясы көрермен көңілін көтерді.
Ақтау тұрғындары мен ерекше балалардың ата-аналары бұл бастаманы жылы қабылдап, жас таланттардың өнерін зор қошеметпен қарсы алды.
«Мен бармын!» қоғамдық қоры 2018 жылдан бері 16 жастан асқан Даун синдромы бар балалармен жұмыс істеп келеді. Жоба 9 баламен басталып, қазіргі таңда 23 балаға дейін өсті. Қор — Атырау облысы бойынша 16 жастан асқан Даун синдромы бар балалармен жұмыс істейтін жалғыз үкіметтік емес ұйым. Қордың негізгі қызметі – театр және өнер арқылы ерекше балаларды әлеуметтендіру. Бүгінге дейін «Колобок», «Муха Цокотуха», «Бременские музыканты», «Сұлтан Сулейман», «Волшебник изумрудного города», «Шахерезада» сынды қойылымдар сахналанды. Қор балалары қайырымдылық концерттерге қатысып, алғыс хаттармен марапатталып жүр»,- деді «Мен бармын!» қоғамдық қорының жетекшісі Зайда Нугманова.