ХҚКО-дан үйге жеткізуге болатын құжаттар қатары толықты
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ХҚКО-дан дайын құжаттарды жеткізу қызметі қолжетімді болатын мемлекеттік қызметтер тізбесін кеңейтіп жатыр. Алдағы бір ай көлемінде бұл тізімге жылжымайтын мүлікті тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу және тарату, сондай-ақ білім беру саласындағы жекелеген қызметтер енетін болады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Бұндай өзгерістер өтініш берушілерге дайын құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қайта бармай-ақ алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда дайын құжаттарды жеткізуді 15 мемлекеттік қызмет бойынша тапсырыс беруге болады. Олардың қатарында – мұрағаттық анықтамалар беру, баланың тууын және некенің бұзылуын тіркеу, азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру және куәліктерін қайта беру, білім беру құжаттарының дубликаттарын беру және ресми құжаттарға апостиль қою қызметтері бар.
Еске салайық, құжаттарды жеткізу сервисіне тапсырысты қызметтің өзін рәсімдеу кезінде көрсетуге болады. Бұл сервис ақылы негізде көрсетіледі. Республикалық маңызы бар қалаларда – Астана, Алматы және Шымкентте құны 2061 теңгені құраса, қалған өңірлерде – 1036 теңге.
Құжаттың дайын болғаны туралы факті қызмет алушының нөміріне 1414 нөмірінен келетін SMS-хабарлама арқылы расталады. SMS-хабарламада қауіпсіздік мақсатында құжаттарды алу кезінде тікелей курьерге хабарлау қажет бірегей растау коды көрсетіледі. Бұл код дайын құжаттың тікелей өтініш берушіге тапсырылғанын растау үшін қолданылады. Бұған қоса, жеке куәлікті көрсету қажет.