Otpan News Logo

Қызылтөбеден шақырылған 13 сарбаз авиациялық мамандықтарды меңгеріп жатыр

Қызылтөбеден шақырылған 13 сарбаз авиациялық мамандықтарды меңгеріп жатыр

Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтының Кіші авиациялық мамандарды даярлау орталығында Қызылтөбе ауылынан әскерге шақырылған 13 әскери қызметші мерзімді әскери борышын өтеп жүр, деп хабарлайды Otpannews.kz.


Шағын ауылдан шыққан 13 жастың бір жерде әскери қызмет атқаруы – Қызылтөбе тұрғындары үшін үлкен мақтаныш. Бір көшеде өсіп, бір мектепте білім алған, бала кезден дос болған жерлестер бүгінде әскери ортада да бір-біріне қолдау көрсетіп, Отан алдындағы борышын бірге атқарып жүр.


Олардың қатарында Тоқтар, Талас, Нұртас, Жасұлан Наурызбай, Азамат, Арман, Айдос, Нұрмұхаммед, Ербол, Жасұлан Қалабай, Дәурен, сондай-ақ ағайынды Нұрдәулет пен Ердәулет Мұхаммединдер бар.


Мерзімді әскери қызметті бірге өткеру туралы шешім қабылдаған сарбаздар бүгінде әскери мамандықтарды қатар меңгеріп, оқу-жаттығу барысында бір-біріне демеу болып келеді.


Жас әскери қызметшілер әскери авиацияның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге қажетті техникалық мамандықтарды игеруде. Олар автомобильдік оттегі құю станциясын, аэродромдық құрамдастырылған дала машинасын, аэродромдық жылжымалы агрегатты және аэродромдық жанармай құю техникасын пайдалану мен қызмет көрсетуді үйреніп жатыр.


Тәжірибелік сабақтарда сарбаздар арнайы аэродром техникасымен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіреді. Бұл техниканы дұрыс пайдалану ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, авиациялық бөлімдердің үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.


«Біз бір ауылда өстік. Бала күнімізден бір-бірімізді жақсы танимыз. Сондықтан армияда да өзімізді бір ұжымның мүшесіндей сезінеміз. Жаңа мамандықтарды бірге меңгеріп, сабақ барысында бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Біз тек өзіміз үшін емес, туған-туыстарымыз, туған ауылымыз және еліміз үшін қызмет етіп жүргенімізді жақсы түсінеміз. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік», – дейді қатардағы жауынгер Арман Оразбеков.


Оқу бағдарламасы теориялық білім мен практикалық дайындықты ұштастырады. Әскери қызметшілер арнайы техниканың құрылымы мен пайдалану тәртібін меңгеріп, түрлі жағдайда шұғыл әрі дұрыс әрекет етуге машықтанады. Сонымен қатар авиациялық бөлімдердің аэродромдық-техникалық қамтамасыз етілуіне қажетті кәсіби дағдыларды қалыптастырады.


Қызылтөбеден шыққан 13 сарбаздың бірге қызмет етуі – туған жерге деген сүйіспеншілік пен өзара қолдаудың жарқын үлгісі. Бір ауылда өсіп, бір мектепте білім алған жігіттер бүгінде әскери қызметте де бір-біріне сүйеніш болып, Отан алдындағы жауапкершілікті бірге арқалап жүр.


Олардың әскери қызметі Қызылтөбе тұрғындары үшін ерекше мақтанышқа айналса, жас буын үшін Отан қорғаудың адамды тәртіпке, жауапкершілікке және төзімділікке тәрбиелейтінін көрсететін үлгі. Ал ағайынды Нұрдәулет пен Ердәулеттің де жерлестерімен бірге әскери борышын өтеуі – туған елге қызмет ету дәстүрінің отбасылық құндылықтармен сабақтас екенін аңғартады.

63
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!