Otpan News Logo

Маңғыстаулық нейрохирургтар инсультті емдеудің жаңа тәсілдері талқыланды

Маңғыстаулық нейрохирургтар инсультті емдеудің жаңа тәсілдері талқыланды

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында нейрохирург дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған мастер класс ұйымдастырылды. Іс-шараға Ұлттық нейрохирургия орталығының Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, нейрохирург дәрігер Ербол Махамбетов арнайы келіп, өңір мамандарымен тәжірибе алмасты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, шеберлік сабағы барысында мамандар жүйке жүйесі тамырларының ауруларын заманауи диагностикалау және емдеу әдістерін талқылаған. Атап айтқанда, ми және жұлын тамырларының аневризмалары, артериялық-веналық мальформациялар, каротид-кавернозды қосылыстар, геморрагиялық және ишемиялық инсульттерді емдеу тәсілдері бойынша лекция оқылды.


Оқыту жұмыстары тек теориялық талқылаумен шектелмей, аурухана базасында күрделі нейрохирургиялық операцияларды орындау арқылы жалғасты.


Мамандардың қатысуымен бас миының күрделі аневризмасына эндоваскулярлық операция жасалды. Науқасқа стент көмегімен эмболизация жүргізілді. Бұл әдіс қан тамырының ішкі бөлігі арқылы жүзеге асырылып, аневризманың қанмен толуын тоқтатуға мүмкіндік береді.


Сонымен қатар ми тамырының тарылуы анықталған тағы бір науқасқа стент қойылды. Операция барысында тарылған тамырдың қан өткізу қабілетін қалпына келтіруге бағытталған ем жүргізілді.


Үшінші науқасқа гемифациалды спазмға байланысты ашық операция жасалды. Гемифациалды спазм – бет бұлшықеттерінің еріксіз жиырылуымен сипатталатын неврологиялық жағдай. Операцияның негізгі мақсаты – беттегі еріксіз жыбырлауды тоқтату және науқастың өмір сапасын жақсарту.


Аталған нейрохирургиялық операция түрлері Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының базасында бұған дейін де жасалып келеді. Мамандардың тәжірибесін жетілдіру және республикалық деңгейдегі жетекші нейрохирургтермен тәжірибе алмасу өңір тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмекті жергілікті жерде көрсетуге мүмкіндік береді.

139
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!