Маңғыстауда мұнай кен орнындағы резервуарда өрт шықты
Маңғыстау облысындағы «Кульжан» мұнай кен орнының «Мұнай қабылдау пункті» нысанында өрт шықты. Оқиға 7 тамыз күні кешкі уақытта болды, деп жазады otpannews.kz.
МО Экология департаментінің мәліметінше, өрт көлемі 2000 текше метр болатын №2 резервуардағы түптік шөгінділерді ішкі тазалау жұмыстары кезінде цементтеу агрегатында пайда болған. Жұмыс жүргізілген уақытта резервуар бос болған.
Тілсіз жау сағат 19:20-да оқшауланып, 20:00-де толық сөндірілген. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, елеулі материалдық залал анықталмаған.
Қазіргі уақытта нысан штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Оқиға туралы Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті мен мемлекеттік еңбек инспекциясы белгіленген тәртіппен хабардар етілді.
Өрттің нақты шығу себебі, ықтимал материалдық залал көлемі және оқиғаға құқықтық баға тиісті тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін белгілі болады.