Otpan News Logo

Ақтауда үздік құрылысшылар мен ардагерлер марапатталды

Ақтауда үздік құрылысшылар мен ардагерлер марапатталды

Ақтауда Құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиында құрылыс саласының ардагерлері мен мамандары бас қосты. Іс-шара барысында өңірдегі құрылыс саласының жетістіктері айтылып, үздік қызметкерлерге мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жиында сөз сөйлеген құрылыс саласының ардагері Ұзақбай Әділов өзінің еңбек жолы туралы айтып, құрылысшы мамандығын бала кезінен армандағанын жеткізді.


Өзім 7-сыныптан бері құрылысшы боламын деп армандадым. 10-сыныпты бітірген соң құрылыс институтына түсіп, 1960 жылы Борлы кен орнына келдім. Ташкентте білім алған 500 студенттің ішінен алғашқылардың бірі болып дипломды инженер-құрылысшы ретінде еңбек жолымды бастадым, – деді ардагер.


Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов құрылысшыларды кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдегі құрылыс саласының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.


Құрылысшының еңбегі – көзге көрінетін, тарихта қалатын еңбек. Былтыр өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 440 миллиард теңгеге жуықтап, 859 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіштің артуына сіздердің қажырлы еңбектеріңіз негіз болды. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!, – деді әкім орынбасары.


Салтанатты жиын барысында сала ардагерлеріне «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі, үздік қызметкерлеріне Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хаттары табысталды.


Марапатталғандардың атынан сөз алған еңбек ардагері Ұлболсын Ахметова Ақтау қаласының алғашқы құрылыс жылдарын еске алып, қаланың қалыптасуына үлес қосқан әріптестерінің еңбегін ерекше атап өтті.


Ақтаудың алғашқы қазығын қаққан құрылысшылардың қатарында біздің әріптестеріміз болды. Қаланың қалай бой көтергенін өз көзімізбен көрдік. Осы салада ұзақ жыл еңбек етіп, бүгінгі құрметке ие болғанымыз – зор қуаныш. Барша әріптестеріме денсаулық пен толағай табыс тілеймін, – деді ол.


Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, құрылыс саласының ардагерлері мен мамандарына ізгі тілектерін білдірді.

18
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!