Мұнайлыда NEET санатындағы жастардың мәселелері талқыланды
Мұнайлы ауданында NEET санатындағы жастардың мәселелерін талқылауға және олардың әлеуетін арттыруға бағытталған «NEET жастары: Жаңа қадам - жаңа мүмкіндік» атты ашық диалог өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мұнайлы ауданы әкімдігінің мәліметінше, шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, аудан әкімі Қанат Құлжанов, Жастар ресурстық орталығының өкілдері және NEET санатындағы жастар қатысты.
Кездесу барысында Мұнайлы ауданындағы жастармен атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Айнұр Таңжарбайқызы баяндама жасады.
Ашық диалогта жастардың жұмыспен қамтылуы, білім алуы, кәсіп бастау мүмкіндіктері және жастар бастамаларын қолдау мәселелері сөз болды.
- Біз сіздердің мәселелеріңізді бірге шешуге дайынбыз. Сіздердің идеяларыңыз - ауданымыздың болашағы. Еліміздің ертеңі - білімді, еңбекқор, белсенді жастардың қолында, - деді Мұнайлы ауданының әкімі Қанат Құлжанов.
Кездесу барысында жастар Қайрат Телманұлына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар мен ұсыныстар алды.