Ақтауда инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша атқарылған жұмыстар қорытындыланды
Биылғы бірінші жартыжылдықта Маңғыстау облысының прокуратурасы 37 проблемалық мәселенің шешілуіне ықпал етіп, 54 инвестордың құқығын қорғады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының прокуроры Серікқали Күшәлиев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, прокуратураның ықпалымен 15 инвестициялық жоба іске қосылып, қызметі бұрын тоқтатылған 9 кәсіпорынның жұмысы қайта жанданды.
- Қазіргі таңда облыста 2026-2032 жылдарға арналған Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа аясында 76 инвестициялық жоба сүйемелденіп отыр. «Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа - инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдеуді қамтамасыз ететін бірыңғай мемлекеттік инвестициялық жобалар тізілімі. Платформаға енгізілген әрбір жоба жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, толық аяқталғанға дейін прокуратураның сүйемелдеуінде болады. Біздің міндетіміз – әкімшілік кедергілерді уақытылы жою және әрбір инвестордың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету, - деді Серікқали Күшәлиев.
Прокурордың мәліметінше, инвесторлардың құқықтарын қорғаудың негізгі тетіктерінің бірі - «Прокурорлық сүзгі». Бұл тетік мемлекеттік органдардың инвесторлардың құқықтарына әсер ететін шешімдерді прокурормен келісусіз қабылдауына жол бермеуге бағытталған.
- Прокурорлық сүзгінің арқасында заңсыз тексерулердің, негізсіз шектеулердің және инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін өзге де шешімдердің алдын алу қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар прокуратура тек инвесторлардың ғана емес, жалпы кәсіпкерлік қоғамдастықтың құқықтарын да қорғайды, - деді облыс прокуроры.
Брифинг барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстардың нәтижелері де айтылды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша шамамен 4,5 мың кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтірілген.