ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Маңғыстау облысының медициналық ұйымдарының жұмысымен танысты
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме беріп.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, сапардың мақсаты – өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарының қызметіне мониторинг жүргізу, ұйымдастырушылық-әдістемелік қолдау көрсету, медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды бағалау және өзекті мәселелерді талқылау.
Жұмыс сапары барысында вице-министр облыстық перинаталдық орталық, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы және Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына барып, олардың қызметімен танысты.
Медициналық ұйымдарды аралау барысында ана мен бала денсаулығын қорғау, пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі, заманауи медициналық жабдықтардың тиімді пайдаланылуы, цифрлық технологиялардың енгізілуі, сондай-ақ медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуеті зерделенді.
Вице-министр медицина қызметкерлерімен кездесіп, өңірдің денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру, медициналық қызметтің сапасын арттыру және халыққа көрсетілетін көмектің тиімділігін күшейту бағытындағы басым міндеттерге тоқталды.
Жұмыс сапары қорытындысы бойынша медициналық ұйымдардың қызметін жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.