Otpan News Logo

Маңғыстауда Каспийді сақтау мәселелері халықаралық деңгейде талқыланды

Маңғыстауда Каспийді сақтау мәселелері халықаралық деңгейде талқыланды

Ақтау қаласында «Caspian Sea Action Week – 2026» халықаралық волонтерлік апталығы аясында «Бір Каспий – бір болашақ» халықаралық сарапшылық сессиясы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылдың Халықаралық волонтерлер жылы болып жариялануына орай ұйымдастырылды.


Сарапшылық сессияға Каспий маңы мемлекеттерінің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар, ғылыми қауымдастықтар мен экологиялық институттардың өкілдері қатысты. Олар Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, ғылыми ынтымақтастықты дамыту және өңірдегі өзекті экологиялық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылады.


Сессияны Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов жүргізді. Ол Каспий теңізін сақтау – теңізге ортақ Каспий маңы мемлекеттерінің ортақ міндеті екенін атап өтті.


«Каспий теңізі – баршамызға ортақ табиғи мұра. Оны келер ұрпаққа аман жеткізу үшін мемлекет, ғылым, халықаралық ұйымдар, волонтерлер мен азаматтық қоғам күш біріктіруі қажет», – деді Асхат Оралов.


Жиында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Мансұр Ошурбаев, Ресей Федерациясы Табиғи ресурстар және экология министрінің орынбасары Дмитрий Тетенькин, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, сондай-ақ Әзербайжан, Иран, Түрікменстан өкілдері, Тегеран конвенциясы Уақытша хатшылығы, Ұлттық волонтерлер желісі және БҰҰ-ның Жобаларға қызмет көрсету басқармасының өкілдері сөз сөйледі.


Қатысушылар Каспийдің қазіргі экологиялық ахуалы, гидрометеорологиялық зерттеулер, қоршаған орта мониторингі, биоалуантүрлілікті сақтау және өңірдің орнықты дамуы мәселелерін талқылады.


Сессия қорытындысында Каспий маңы мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, ғылыми тәжірибе алмасуды кеңейту және теңіздің бірегей экожүйесін сақтауға бағытталған бірлескен экологиялық бастамаларды жүзеге асыру қажеттігі айтылды.


«Бір Каспий – бір болашақ» сарапшылық сессиясы «Caspian Sea Action Week – 2026» халықаралық апталығы аясындағы ғылыми және сарапшылық іс-шараларға бастау берді. Апталық барысында Маңғыстау облысында халықаралық пікірталастар, ғылыми конференциялар, экологиялық акциялар мен волонтерлік жобалар өткізіледі.

66
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!