Маңғыстаулық қыз-келіншектер инновациялық стартаптар байқауына қатыса алады
Қазақстанда «Startup Women – 2026» республикалық инновациялық идеялар мен стартаптар байқауы басталады. Маңғыстаулық қыз-келіншектер Қазақстанның Іскер Әйелдер қауымдастығы және «Innotech» ұйымы қолдауымен жүзеге асатын жобаға қатыса алады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жоба әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға, инновациялық ойларды дамытуға және экономиканың түрлі салаларында жаңа жобалардың пайда болуына ықпал етуге бағытталған.
Байқау аясында қатысушылар өз жобаларын бірнеше негізгі бағыт бойынша ұсынып, сол бағыт бойынша марапатталады. Атап айтқанда, Future Economy санатында технологиялар, цифрлық шешімдер, жасанды интеллект, платформалар мен финтех жобалары қарастырылады. Social Impact & Inclusion бағыты білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік инновацияларға арналған бастамаларды қамтиды.
Сонымен қатар, Green & Sustainable Solutions санатында экология, тұрақты өндіріс және климатқа қатысты шешімдер ұсынылады. Industry & Energy бағыты энергетикалық тиімділік, қауіпсіздік және декарбонизация жобаларын қолдауға бағытталған. Ал Start-ups & Venture санаты ауқымын кеңейтуге әлеуеті жоғары стартаптарға арналған.
Байқауға еліміздің барлық өңірінен 15-25 жас аралығындағы мектеп оқушылары, студенттер және жас қыздар, сондай-ақ бизнес-идеясы немесе іске асырылып жатқан стартап-жобасы бар қатысушылар өтінім бере алады. Қатысушылар өтінімді бизнес-модель сипаттамасы бар толтырылған сауалнама арқылы тапсырып, 3 минутқа дейінгі бейне-презентация және жобаның негізгі мазмұны, мақсаты, нарықтағы мүмкіндігі мен даму жоспары көрсетілген 10 слайдқа дейінгі қысқаша презентация ұсынуы тиіс.
Өтінімдер 23 ақпан мен 15 наурыз аралығында қабылданады. 16–29 наурыз күндері номинанттарды іріктеу, сауалнамаларды талдау және жобаларды бейінді министрліктерге ұсыну жұмыстары жүргізіледі.
Аталған байқаудың бас жүлдесі – Arizona State University қолдауымен «Innotech» бағдарламасында оқу мүмкіндігі. Әр номинация бойынша жеңімпаздарға 2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады. Сонымен қатар, номинанттарға бейінді министрліктер тарапынан тәлімгерлік қолдау көрсетіледі. Өтінім берген барлық қатысушылар Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастыратын менторинг бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алады.
Қосымша ақпарат алу және өтінім беру үшін startupaward30@gmail.com электрондық поштасына хат жолдауға, +7 775 730 0243 байланыс нөміріне хабарласуға немесе businesswomen.kz сайтына кіруге болады.
«Startup Women – 2026» инновациялық экожүйені дамытуға, әйелдер көшбасшылығын нығайтуға және болашағы зор кәсіпкерлік жобаларды анықтауға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама жаңа идеялардың жүзеге асуына жол ашып, еліміздегі іскер әйелдердің кәсіби өсуіне серпін береді.