Маңғыстаудан Алматыға дейін адам саудасына қарсы үгіт-насихат пойызы жолға шықты
Қазақстанда адам саудасына қарсы күреске бағытталған республикалық ақпараттық науқан басталды. Осыған орай Маңғыстаудан Алматыға дейін қатынайтын арнайы үгіт-насихат пойызы жолға шығып, жолаушыларға құқықтық кеңес беріп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен 24–30 шілде аралығында өтіп жатқан «Адам саудасы – ауыр қылмыс!» акциясы қоғамның назарын адам саудасы мәселесіне аударуға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қылмыстық қанаудың алдын алуға бағытталған.
Ақпараттық науқан аясында еліміздің оңтүстік, солтүстік, батыс және шығыс бағыттары бойынша төрт үгіт-насихат пойызы іске қосылды. Соның бірі Маңғыстаудан Алматыға дейінгі бағытта қатынап, жол бойындағы жолаушылармен кездесулер өткізуде.
Пойыз құрамындағы полиция қызметкерлері, заңгерлер мен өзге де мамандар жолаушыларға тегін құқықтық кеңес береді. Сонымен қатар анонимді сауалнама жүргізіп, адам саудасының белгілері, одан сақтану жолдары және көмек алу тетіктері туралы ақпараттық жадынамалар таратады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар адам саудасының алдын алып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамда заңға құрмет мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.