Otpan News Logo

"Гепатит күтпейді": ерте анықтау - өмірді сақтайды

|
28.07.2026 12:03
"Гепатит күтпейді": ерте анықтау - өмірді сақтайды
Фото: ашық дереккөзден

Жыл сайын 28 шілдеде әлем жұртшылығы Дүниежүзілік гепатитпен күрес күнін атап өтеді. Бұл күн В гепатиті вирусын ашып, оған қарсы алғашқы вакцинаны әзірлеген Нобель сыйлығының лауреаты Барух Бламбергтің туған күніне орай белгіленген, деп жазады otpannews.kz.


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, В және С вирусты гепатиттері жыл сайын 1,3 миллионнан астам адамның өмірін жалмайды. Бұл - бауыр циррозы мен бауыр обырына әкелетін негізгі аурулардың бірі. Алайда бүгінгі таңда дертті ерте анықтап, уақтылы емдесе, оның ауыр зардаптарының алдын алуға толық мүмкіндік бар.


Маңғыстау облысының штаттан тыс бас гастроэнтерологы, облыстық көпбейінді ауруханасының гастро-гепатоорталығының жетекшісі Полина Мулдашеваның айтуынша, гепатиттің ең үлкен қаупі - оның ұзақ уақыт бойы ешқандай белгі бермей дамуы.


«Көп жағдайда адам өзін толық сау сезінеді. Аурудың белгілері байқалған кезде бауырда елеулі өзгерістер болып үлгереді. Сондықтан профилактикалық тексеруден уақытылы өту – әр азаматтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі», - дейді маман.


Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал


Мамандар өңірдегі жағдайды екі бағыт бойынша бағалайды. Соның бірі - А вирусты гепатиті. Халық арасында «лас қол ауруы» аталып кеткен бұл инфекция көбіне лас су, тағам және тұрмыстық байланыс арқылы таралады. Әсіресе балалар арасында жұқтыру қаупі жоғары.


Қазақстанда А гепатитіне қарсы вакцинация ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Балаларға екпе екі жасында салынып, алты айдан кейін қайта жүргізіледі.


Ал В, С және D вирусты гепатиттері қан және басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы жұғады. Бұл аурулардың ерекшелігі – бауырды жылдар бойы білдіртпей зақымдайтынында.


«Сондықтан оларды медицинада "үнсіз өлтіруші" деп атайды. Көпшілік ауырсыну болмаса дәрігерге қаралмайды. Бірақ дәл осы кезеңде вирус бауырды зақымдап жатады. Ерте диагностика ғана асқынудың алдын алады», -  дейді Полина Мулдашева.


Вакцина және тиімді ем


Мамандардың айтуынша, В гепатитінен қорғанудың ең сенімді жолы - вакцинация. Қазақстанда нәрестелерге бұл екпе өмірінің алғашқы тәулігінде салынады.


Ал С гепатитіне қарсы вакцина әзірге жоқ. Соған қарамастан қазіргі медицина бұл ауруды толық емдеуге мүмкіндік береді. Заманауи вирусқа қарсы препараттардың көмегімен науқастардың 95-98 пайызы 8-12 апта ішінде толық сауығып шығады.


Қазақстанда вирусты гепатиттерді анықтау мен емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүзеге асырылады. Маңғыстау облысының тұрғындары тегін тексеріліп, мемлекет есебінен қымбат вирусқа қарсы ем қабылдай алады.


Гастро-гепатоорталық қайта жұмысын бастады


2026 жылдың маусым айынан бастап Ақтаудағы Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы жанындағы гастро-гепатоорталық қайтадан жұмысын бастады.


Орталықта пациенттер гепатологтың қабылдауына жазылып, ПТР-зерттеу арқылы диагнозын нақтылай алады, вирус генотипін анықтайды, сондай-ақ бауырдың фиброз немесе цирроз деңгейін инвазивті емес әдіспен бағалайтын заманауи тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда мамандардың бақылауымен тегін вирусқа қарсы емге жолдама беріледі.


«Орталықтың қайта ашылуы өңір тұрғындары үшін өте маңызды. Енді пациенттер көптеген күрделі зерттеулерді өз облысында тапсырып, қажетті емді уақытылы бастай алады. Бұл аурудың асқынуын азайтуға мүмкіндік береді», - дейді гастроэнтеролог.


Скринингтің маңызы арта түсті


Биылғы 10 шілдеден бастап Денсаулық сақтау министрлігінің вирусты гепатиттерге жаппай скрининг жүргізуге қатысты жаңартылған бұйрығы күшіне енді. Құжатқа сәйкес, скринингтен өтетін нысаналы топтар кеңейтіліп, тексерудің тәртібі мен кезеңділігі нақтыланды.


Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер ауруды ерте анықтауға және қауіпті асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.


Әр адам есте ұстауы тиіс төрт қағида


Дәрігерлер жылына кемінде бір рет емханада В және С гепатитіне қан талдауын тапсыруға кеңес береді. Сонымен қатар балалардың ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес вакцина алғанына көз жеткізу маңызды. Косметологиялық қызметтерді, стоматологиялық емді, маникюр немесе татуаж рәсімдерін тек лицензиясы бар, санитарлық талаптарды сақтайтын орындарда алған жөн.


«Ең бастысы - өзін-өзі емдеуге болмайды. Вирусты гепатит анықталса, халық еміне немесе дәлелденбеген дәрілерге сенбей, міндетті түрде инфекционист немесе гепатолог дәрігерге қаралу қажет. Ерте басталған емнің нәтижесі әрдайым жоғары болады», - деп түйіндеді Полина Мулдашева.


Биыл Дүниежүзілік гепатитпен күрес күнінің ұраны «Гепатит күтпейді» сөз болып отыр. Бұл үндеу әр адамға өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытылы тексеруден өтудің маңызын еске салады. Себебі ерте анықталған ауру - сәтті емнің және ұзақ әрі сапалы өмірдің кепілі.


 

68
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!