Ақтауда Open Air «ӘDILET EVENT» концерті өтті
Ақтаудағы Амфитеатр алаңында OPEN AIR «ӘDILET EVENT» фестивалі өтті. Каспий теңізінің жағалауына жиналған қала тұрғындары мен қонақтары кеш соңында дрон-шоу тамашалады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Концертте қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары Кәмшат Жолдыбаева, Sadraddin және Amre өнер көрсетіп, көрермендерге сүйікті әндерін тарту етті.
Сонымен қатар концерт шырайын кіргізген өнерпаздар Қарашаш Нысанова, Гүлжанар Рафхатқызы, Ақмарал Арғынқызы, Фариза Ретбай, Марат Стан және Аида Байгелова өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді.
Концерт соңындағы дрон-шоу елдің бірлігі мен ортақ құндылықтарын бейнелейтін Қазақстан картасының суретімен ашылды. Содан кейін аспанда күш-қуаттың, тәуелсіздіктің және ұлттық мақтаныштың символы — асқақ бүркіт бейнеленді. Жекелеген визуалды бейнелер арқылы Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұралары мен әсем жерлері суреттелді. Дрон-шоу Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, содан соң алдағы сайлау өтетін күн 23 тамыздың бейнесімен аяқталды.