Қазақстан мектептеріне маңызды өзгерістер енгізіледі
Қазақстанда мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты жаңа Конституцияның нормалары мен құндылықтарына толық сәйкестендірілді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұл туралы бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.
"Жаңартылған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты жаңа Конституцияның ережелеріне сәйкестендірілді. Білім беру мазмұнына Конституция қағидаттары, "Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтары, "Таза Қазақстан" тұжырымдамасы және "Заң мен тәртіп" қағидаты жүйелі түрде енгізілді".
Сондай-ақ оқушылардың жасанды интеллект пен цифрлық ресурстарды тиімді, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану дағдыларын қалыптастыруға баса назар аударылғаны хабарланды.
"Конституция негіздерін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін, мемлекеттік рәміздердің маңызын түсінуге, мемлекеттік тілді құрметтеуге және заң үстемдігі қағидатын сақтауға қатысты талаптар күшейтілді", – делінген ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жаңартылған стандартты сапалы енгізу үшін республикалық және өңірлік деңгейлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетіні атап өтілді.
"Барлық өзгеріс білім беру сапасын арттыруға, оқушылардың заманауи құзыреттерін дамытуға және білім беру жүйесін жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес одан әрі жетілдіруге бағытталған", – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.