Ақтауда заңсыз сауда нүктелерін сүру жұмыстары басталды
Қала әкімдігі мен полиция өкілдері жүргізген мониторинг кезінде сауда жасауға рұқсаты жоқ бірқатар дүңгіршек анықталған. Олардың арасында теңіз жағалауындағы жартас соқпақтары маңында орналасқандары да бар, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қазір мұндай дүңгіршектердің кейбірі арнайы техникамен сүріліп, айып тұрағына жеткізіліп жатыр.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, рұқсатсыз жұмыс істейтін сауда нүктелерінде азық-түлік қауіпсіздігі мен санитарлық талаптардың сақталуын бақылау қиын. Бұдан бөлек, мұндай нысандар қаланың сәулеттік келбетіне де әсер етеді.
«Біздің негізгі мақсатымыз – кәсіпкерлікке кедергі келтіру емес. Тұрғындарға қолайлы орта мен жағдай жасау», – деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекнұр Бәлиұлы.
Оның айтуынша, осыған дейін Ақбота саябағында да заңсыз сауда нүктелеріне қатысты жұмыстар жүргізілген. Сондай-ақ 14-шағынауданнан теңіз жағалауына өтетін жолдардағы сауда орындарына байланысты тұрғындардан шағым көп түскен.
Алдағы уақытта Ақтау аумағында сауда жасауға болатын арнайы орындардың тізімі жасалмақ. Кәсіпкерлер құжаттарын белгіленген тәртіппен рәсімдеп, саудасын сол орындарда жүргізе алады.
Сүрілген дүңгіршектер әзірге айып тұрағына орналастырылған. Кәсіпкерлер өз мүлкіне қатысты құжаттарын ұсынған жағдайда, нысандарын қайтарып ала алады.
Босатылған аумақтарды абаттандырып, көгалдандыру жоспарланған.