Лудоманияның алдын алу неден басталады? Ақтаулық маман жауап берді
Лудоманиямен күресте адамның құмар ойынға тәуелді болғаннан кейін әрекет етуімен қатар, оның алдын алу жұмыстарының маңызы жоғары. Мамандардың пікірінше, жастарға құмар ойындардың психологиялық және қаржылық салдарын ерте түсіндіру тәуелді мінез-құлықтың алдын алуға ықпал етеді, деп жазады otpannews.kz.
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің аға оқытушысы Жанилаш Бекенжан лудоманияның алдын алу жүйелі психологиялық-педагогикалық жұмыстарды қажет ететінін айтты.
«Лудоманиямен күрестің ең тиімді жолы – мәселе туындағаннан кейін ғана әрекет ету емес, оның алдын алуға бағытталған жүйелі психологиялық-педагогикалық жұмысты ерте жастан қалыптастыру», - дейді ол.
Маманның айтуынша, адамның құмар ойынға деген көзқарасына ақпараттық орта да әсер етуі мүмкін. Құмар ойындар жиі көрсетіліп, ойын-сауықтың қалыпты бөлігі ретінде ұсынылған жағдайда, оған деген қоғамдық көзқарас та өзгеруі ықтимал.
Осы ретте Жанилаш Бекенжан Овертон терезесі ұғымына тоқталды. Оның айтуынша, белгілі бір құбылыс қоғамда жиі көрсетіліп, қалыпты әрі үйреншікті нәрсе ретінде қабылдана бастағанда, оған деген қоғамдық көзқарас біртіндеп өзгеруі мүмкін.
«Жастардың ақпаратты сыни тұрғыдан бағалай білуі - тәуелді мінез-құлықтың алдын алудың маңызды психологиялық факторы», – дейді маман.
Оның пікірінше, алдын алу жұмыстары ақпараттық түсіндірумен ғана шектелмеуі керек. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортқа, шығармашылыққа, білім алуға және әлеуметтік белсенділікке бағыттау да маңызды.
«Жастар құмар ойындардың шынайы тәуекелдерін, оның психологиялық механизмдерін және қаржылық салдарын жақсы түсінуі қажет», - деп қорытындылады Жанилаш Бекенжан.