Otpan News Logo

Маңғыстауда интернаттық мекемелерге мониторинг жүргізілді

Маңғыстауда интернаттық мекемелерге мониторинг жүргізілді

Маңғыстау облысында 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының орындалу барысына мониторинг жүргізілді. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдерді қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Мониторингтің негізгі мақсаты – тәрбиеленушілердің оқу-тәрбиемен қамтылуын, денсаулығы мен қоғамға бейімделуі үшін жасалған жағдайларды бағалау, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын бақылау.


Мониторинг жұмысына Маңғыстау облысының балалардың құқықтарын қорғау, кәмелетке толмағандардың істері және отбасы саясаты салаларына жауапты өкілдерінен құралған жұмыс тобы қатысты. Жұмыс барысында Маңғыстау облысы білім басқармасының «Отбасылық үлгідегі балалар ауылы» КММ, «Облыстық арнайы мектеп-интернаты» КММ және «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» КММ-не барып, тәрбиеленушілерге жасалған жағдайлар зерделенді.


Мониторинг кезінде балалардың күнделікті тұрмыс жағдайына, тамақтануына, медициналық көмекпен қамтамасыз етілуіне, білім алуына, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына және қажетті заттармен қамтылуына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына қатысты мәселелер де қаралды.


Атап айтқанда, тәрбиеленушілердің жатын орындары, төсек-орын жабдықтарының жағдайы, сабақ оқуға арналған үстелдер, демалыс орындары және балалардың қауіпсіздігіне қатысты жағдайлар жіті бақылауға алынды.


«Облыс көлемінде өткізіліп отырған мониторинг жұмыстары «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында жүргізілуде. Тексеріс барысында төсек-орын, балалар сабақ оқитын үстелдер мен демалыс орындарының жағдайы жіті бақыланды. Мониторинг барысында анықталған мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар беріліп, балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру қажеттілігі айтылды. Баланың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты – біздің басты назарымызда», – деді Маңғыстау облысы бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Тілектес Болатбаева.
72
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!