Маңғыстаудағы мектептерге қоқыстарды сұрыптауға арналған арнайы контейнерлер табысталды
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ өкілдері Маңғыстау облысына арнайы іссапармен келді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жасыл даму» бағдарламасы бойынша «Қалдықтарды бөлек жинаудың экологиялық мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында өткен семинарға өңірдегі білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Іс-шара барысында қалдықтарды бөлек жинаудың дұрыс тәсілдері, қайта өңдеудің пайдасы мен табиғатты таза сақтаудың маңызы туралы ақпарат берілді.
Халықаралық экология академиясының президенті Айгүл Абдуалиеваның айтуынша, семинардың басты мақсаты – тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаудың маңызын түсіндіру, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті арттыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
«Қазіргі таңда «Жасыл Қазақстан» бағыты аясында, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен қалдықтарды бөлек жинау бойынша жобаны жүзеге асыру жұмыстарын бастадық. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қалдықтарды тиімді басқару мәселелеріне ерекше мән беріліп келеді. Осы бағытта біздің жобамыздың негізгі мақсаты – тұрғындар арасында қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру және қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды бөлек жинау жүйесін дамыту»,- деді Айгүл Абдуалиева.
Спикер экологиялық пайдалы әрекеттерді қалыптастыру мақсатында осыған дейін Қазақстанның 9 өңіріне арнайы барған. Жоба аясында мектептерге қоқыс сұрыптауға арналған арнайы бокстар сыйлыққа берілді. Мәселен, Маңғыстау облысындағы 39 білім беру ұйымына пластик, қағаз, шыны мен металлды сұрыптап, бөлек салуға арналған арнайы жәшіктер табысталады.
«Қоқыс – жай ғана қалдық емес, оны табыс көзіне айналдыруға да болады. Полигондарда қаншама тонна қоқыс жатыр, ал дамыған елдер полигонға жиналған қоқысты да ақшаға айналдырып жатыр. Пластик шыны, қақпақ, бөтелкелердің адам ағзасына, қоршаған ортаға тигізер залалы көп. Өйткені ол өздігінен ыдырамайды. Күн ысып, пластик қызса – ауаға улы бөлініс тарайды, біз сол ауамен демаламыз. Тіпті, жерге көміліп, топырақ астында қалып жатады. Ал біз жерасты суларын көп тұтынамыз. Осы мақсатта, «Тәрбие – тал бесіктен» деген ұстаныммен мектеп оқушыларына қоқыс сұрыптау мәдениетін үйреткіміз келеді»,- деп қосты Айгүл Абуалиева.
Сондай-ақ Халықаралық экология академиясының президенті қоқыс сұрыптау арқылы айына 500 мың теңгеден астам табыс тауып жүрген мектептердің де барын атап өтті.
Семинар барысында пластиктар мен тұрмыстық қалдықтардан жасалған өнімдерден көрме ұйымдастырылды. Көрмеге мектептер мен колледждер қатысып, тұрмыстық қалдықтардан не жасауға болатынын өз жұмыстары арқылы көрсетті. Мәселен, Ақтаудағы Төлеген Айбергенұлы атындағы №19 мектеп-гимназиясының мұғалімі, «Экоөмір» жобасының жетекшісі Әйгерім Әбдиева оқушыларымен бірге күнделікті тұрмыста тасталатын жеміс қалдықтарын кәдеге жаратып, ерекше экологиялық таза шай жасап шығарды.
Бұл бастаманың басты мақсаты – табиғатты қорғау, қалдықты азайту және пайдалы өнім дайындаудың қарапайым жолын көрсету. Оқушылар дүкен сөрелеріндегі қымбат табиғи шайларға балама ретінде үй жағдайында шығынсыз, пайдалы әрі табиғи өнім дайындауға болатынын дәлелдеп шықты.
Жетекшінің айтуынша, бұл игі қадам қаржыны үнемдеуге ғана емес, қоғамда, әсіресе жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.