Манғыстауда «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында экологиялық мәдениетті дамыту мәселелері талқыланды
Бүгін Маңғыстау облысында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде «Білім беру ұйымдарындағы экологиялық мәдениет» атты облыстық семинар өтті. Маңызды жиынды Облыстық техникалық және кәсіптік білімді дамыту орталығы мен Дене тәрбиесі және туризмі орталығы бірлесе ұйымдастырды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Стратегиялық маңызы бар іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова мен Білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев арнайы қатысып, өңірдегі экологиялық саясаттың басым бағыттарын айқындады.
Семинардың негізгі миссиясы – техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қалыптастыру және жастардың экологиялық сауаттылығын жаңа деңгейге көтеру. Жиын барысында өңір үшін өзекті саналатын бірнеше жоба таныстырылды. Атап айтқанда, «Жасыл кампус» және «Эко Маңғыстау» – Білім ордаларының инфрақұрылымын экологияландыру мәселелері, Қаракөл көлін қорғау – Өңірдің інжу-маржаны саналатын бірегей экожүйені сақтаудың маңызы, Волонтерлік қозғалыс – «Эколидер» клубы мен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының белсенділігін арттыру.
Семинар тек талқылаумен шектелмей, практикалық іс-шараға ұласты. Облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев экологиялық мәдениеттің үлгісін көрсетіп, білім ордасының аумағына көшет отырғызды.
Мұнымен қоса, өңірде көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында Аббат Жәңгірханұлы арнайы эко-челлендж бастады. Аталған бастама Yessenov University-ге және облыстағы барлық колледждер мен орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына жолданды.
«Экологиялық тәрбие – бұл жай ғана тазалық емес, бұл – біздің болашаққа деген көзқарасымыз. Колледж қабырғасынан басталған жасыл бастамалар ертеңгі күні өңіріміздің гүлденуіне септігін тигізеді»,- деп атап өтті жиын спикерлері.
Жиын соңында өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасқан 100-ге жуық қатысушы мен спикерлерге сертификаттар табысталды.