Otpan News Logo

Ақтаулық оқушылар мен мұғалімдер әр жұмада ұлттық киім киеді

|
13.03.2026 11:17
Ақтаулық оқушылар мен мұғалімдер әр жұмада ұлттық киім киеді

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы мен оқушылары оқу жылы басталғалы “Ұлттық киім” күнін атап өтеді. Олар әр жұмада күнделікті киімдеріне ұлттық нақыш элементтерін қосып, қазақ мәдениетін дәріптеп келеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Білім ордасының баспасөз қызметінің мәліметіне сай, бастаманың мақсаты – балалардың ұлттық киімге деген қызығушылығын арттырып, ұлттық мұраны бүгінгі күнмен үйлестіру. 


“Бұл жобаны мектептің тәрбие бөлімі қыркүйек айында бастады. Алғашында ұлттық киім киюді ұжым қызметкерлері мен балалардың есіне салып, ескертіп айтатынбыз. Кейін бәрі де үйреніп, өздері кәжекей, бешпент, камзол, тақия киіп келетін болды. Қыз балалар сырға, шекелік, шашбау тағуды сәнге айналдырды”,- дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі. 


Мектептегі бұл дәстүр тіпті ата-аналарды шабыттандырып, сынып болып кәжекей тіктірген. 


- Осындай дәстүр бар екенін естіген 7-сынып ата-аналары шабыттанып, сынып болып кәжекей тіктірді. Енді әр жұма сайын оқушыларымыз өз стилімізде кәжекей киіп жүреді,- дейді 7 «А» сынып оқушысы, «Бозжыра» шаңырағының жетекшісі Әйгерім Қуанханқызы. 


Сонымен қатар мектепте әр жұма күні мақал-мәтелдер іс-шарасы өтеді. Жиын барысында бір аптада ойын ұйымдастырылса, екінші аптада сыныптар арасында жарыс, үшінші аптада жаңа мақал-мәтелдермен танысады.

124
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!