Otpan News Logo

Маңғыстауда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «QAMQORLYQ» орталығы ашылады

Маңғыстауда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «QAMQORLYQ» орталығы ашылады

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласында «Qamqorlyq» орталығын орналастыру үшін қайта жаңғыртылып жатқан ғимараттың құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды otpannews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Аймақ басшысына жауапты мамандар нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы, техникалық сипаттамасы және қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.


Аталған орталық ерекше қажеттілігі бар балаларға, оның ішінде аутизм спектрі бұзылыстары мен психоневрологиялық ерекшеліктері бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге бағытталған. Заманауи үлгіде жасақталған орталықта бір мезетте 125 бала ем қабылдай алады.


Аталған нысанның құрылыс жұмыстары 2025 жылдың 15 шілдесінде басталған. Бүгінде ішкі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, технологиялық жабдықтарды орнату кезеңі жүріп жатыр. Қазіргі уақытта нысанның дайындық деңгейі 95 пайызды құрайды.


Ғимараттың жалпы ауданы – 2000 шаршы метр. Орталықта балалардың кешенді дамуына арналған сенсорлық бөлме, ABA-терапия, логопед, робототехника және музыкалық терапия кабинеттері, сондай-ақ еңбек пен шығармашылық шеберханалары қарастырылған.


Маңғыстау облысының әкімі құрылыс сапасын бақылауда ұстап, нысанды белгіленген мерзімінен бұрын пайдалануға беруді тапсырды. Орталық іске қосылғаннан кейін ол бүкіл Маңғыстау облысының тұрғындарына қызмет көрсететін маңызды әлеуметтік инфрақұрылым нысанына айналады. Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша мүгедектігі бар 9 мыңға жуық бала тіркелген, оның ішінде 514 -і аутизм спектрі бұзылыстары бар балалар. 

79
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!