Ақтауда бүлдіршіндер Наурыз мерекесін ерекше атап өтті
Ақтаудағы №4 арнайы балабақшаның тәрбиеленушілері Наурыз мейрамын ерекше атап өтті. Мерекелік іс-шараға ата-аналар келіп, бүлдіршіндердің өнерін тамашалады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Күннің жаңаруы мен берекенің символы болған мейрам бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, ұлттық құндылықты ұлықтауға бағытталды. Мың бұралып билеп, көктем мезгілінің құрметіне өлең оқыған балақайлар мерекенің сәнін кіргізді. Әр түрлі аспаптармен сабақ өткізетін музыка пәнінің жетекшісі Тамара Махан балабақшада 3 жылдан бері қызмет етеді. Есту және көру қабілеті нашар балаларға арнайы аспаптармен сабақ өткізу әдісі олардың тез дамуы мен жақсы қабылдауына ерекше көмектесетінін айтады.
«Музыка пәнінде балалар түрлі аспаптардың дыбысын ажыратып, олардың ырғағына қосылып үйренеді. Балалардың ой-өрісін дамыту үшін қимылды ойындар мен оркестрлік аспаптарды қолданамыз. Диатоникалық музыка арқылы жеті ноталық қоңыраулармен әуенді тауып, есту қабілетін дамытамыз. Бұл расымен өте жақсы көмектеседі. Балаларда прогресс бар екенін ата-аналар да, біз де байқаймыз. Дамыту сабақтарында тек ойындарды, аспаптарды пайдаланып қана қоймай, ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды қатар меңгереді, халық әндерін де жиі тыңдайды. Балаларда аспаптар мен қоңырауларға деген қызығушылық өте жоғары. Наурыз мерекесіне орай сабақ тәртібіне жетіген, қобыз аспабы мен шоңқобыз, сазсырнайды да қостым. Біздің балабақшаның балалары «Үміт» фестивалінде де түрлі марапаттар мен жүлделі орындарға ие болды», - деді №4 арнайы балабақша музыка пәнінің жетекшісі Тамара Махан.
Мереке тек тойлаумен шектелмей, кәсіби бағытта да жалғасты. Балабақшаның білікті мамандары — тәрбиешілер, логопед және музыка пәнінің мұғалімдері ата-аналарға арнап баяндама жасады.
Ортаға құрылған ағаш үй мен жайылған ақ дастархан мерекенің көркін аша түсті. Қонақтарға бауырсақ, қазы, бұжы, шұбат, құрт пен балқаймақ ұсынылды. Балаларының өнерін тамашалап, тәрбиешілердің жұмысымен танысқан ата-аналар дән риза. Сымбат Қожахметованың баласы Өркен 5 жаста. Арнайы балабақшаға келіп жүргеніне жарты жылдан асты.
«Мен баламды сөйлеу дамуының тежелуіне байланысты осындағы мамандарға сеніп тапсырдым. Содан бері оның дамуында өзгерістердің бар екенін байқадым. Қазіргі таңда баламның сөздік қоры артып, өзін ортада өте еркін сезінеді. Әр баланың жүрегіне түрлі әдіс арқылы жол тауып, жеке-жеке көңіл бөліп отырған мамандардың еңбегі өте ерекше және біз үшін бағалы. Тек балалармен ғана емес, ата-аналармен де үнемі тығыз байланыс орнатып, бізге қолдау көрсетеді. Біздің балаларымыздың кішкентай болса да жеткен жетістіктерінің артында мамандардың үлкен еңбегі тұр. Арнайы балабақшаның ұжымына, басшысына алғысымызды білдіреміз. Еңбектеріңіз жалғасын таба берсін», - деді Сымбат Қожахметова.