Otpan News Logo

Маңғыстауда әкімшілік айыппұлдарға рақымшылық жасауды қолдану қағидаттары түсіндірілді

|
22.07.2026 11:56
Маңғыстауда әкімшілік айыппұлдарға рақымшылық жасауды қолдану  қағидаттары түсіндірілді

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты жарияланған әкімшілік рақымшылық аясында мемлекеттік кірістер органдары салған бірқатар төленбеген әкімшілік айыппұлдар есептен шығарылады. Бұл шара азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және әкімшілік заңнаманы ізгілендіруге бағытталған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті заң басқармасының бас маманы Нағима Нұржауова айтты.


Спикердің айтуынша, рақымшылық 2026 жылғы 17 наурызды қоса алғанға дейін жасалған құқық бұзушылықтар үшін мемлекеттік кірістер органдары салған төленбеген әкімшілік айыппұлдарға қолданылады.


-Қазақстан Республикасының азаматтарына, жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ жеке нотариустарға, жеке сот орындаушылары мен адвокаттарға қатысты жүзеге асырылады. Есептен шығару Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізіліміндегі деректер негізінде автоматты түрде жүргізіледі. Азаматтардан қандай да бір өтініш беру немесе мемлекеттік органдарға жүгіну талап етілмейді. Рақымшылық қолданылғаннан кейін азаматтарға цифрлық сервистер мен SMS-хабарламалар арқылы хабарлама жолданады, - деді Нағима Нұржауова.


Сонымен қатар, спикер рақымшылықтың барлық құқық бұзушылықтарға бірдей қолданылмайтынын атап өтті. Қайталанған әкімшілік құқық бұзушылықтар, салық салу объектілерін әдейі жасыру фактілері, мемлекеттік сатып алулар саласындағы құқық бұзушылықтар, сот шешімі қабылданған істер және азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін құқық бұзушылықтар рақымшылық аясынан тыс қалады. Тұрғындарға әкімшілік істерінің мәртебесін eGov.kz порталындағы салық төлеушінің жеке кабинеті немесе мобильді қосымшалар арқылы тексеру ұсынылды. Қосымша ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарының аумақтық бөлімшелерінен алуға болады.

56
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!