Otpan News Logo

Ақтау халықаралық теңіз портында контейнерлік хаб іске қосылды

|
22.07.2026 08:20
Ақтау халықаралық теңіз портында контейнерлік хаб іске қосылды
Қазақстан теміржолшысы

Ақтау халықаралық теңіз портының аумағында заманауи контейнерлік хаб жұмысын бастады. Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің мүмкіндігін кеңейтуге арналған жоба екі кезеңмен жүзеге асып жатыр, деп жазады otpannews.kz.


Қазір жобаның алғашқы кезеңі аяқталған, 10 гектар аумақ қажетті инфрақұрылым мен заманауи техникалармен жабдықталды. Мұнда рельспен жүретін екі кран жұмыс істейді. Бір кранның өзі пойызбен келген 50 контейнерді 3 сағатта түсіріп, жинай алады. Терминал жылына 120 мың контейнерді өңдеуге қауқарлы. Хабта 40-тан астам адам жұмыс істейді. Жаңа нысан арқылы Қытай, Еуропа және Каспий маңы елдері арасындағы жүк тасымалының көлемі едәуір ұлғаяды.


- Контейнерлік хаб Қытайдан Еуропаға тасымалданатын транзиттік контейнерлік жүктерге арналған. Бұл хаб тек қана транзиттік жүктер емес, Қазақстанның экспорттық жүктерін де тасымалдауға мүмкіндік береді. Транскаспий халықаралық транспорттық дәлізінің дамуына үлкен әсер етеді, - деді Ақтау халықаралық контейнерлік хабы бас директорының коммерция жөніндегі орынбасары Қайрат Қалиолла. 


Контейнерлік хабтың іске қосылуы Ақтау портының жүк өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Былтыр мұнда 70 мыңға жуық контейнер өңделсе, биыл бұл көрсеткіш 90 мыңнан асады деп жоспарланған. Хабтың екінші кезеңі келесі жылы аяқталады, алдағы уақытта нысан жылына 240 мың контейнерді өңдеп, тасымалдауға мүмкіндік береді.


- Контейнерлік хаб – порттың ажырамас бөлігі. Ол контейнерлерді қабылдау, сақтау, шоғырландыру және кейін оларды порт айлақтары арқылы кемелерге тиеп, жөнелту жұмыстарын жүзеге асырады. Хаб арқылы халық тұтынатын тауарлардан бастап, өндірістік жабдықтар мен арнайы техникаға дейінгі түрлі жүк тасымалданады, - деді Ақтау портының коммерциялық жұмыстар жөніндегі атқарушы директоры Арман Жақыпов. 


Контейнерлік хабтың екінші кезеңі іске қосылғанда терминалдың аумағы 19 гектарға дейін кеңейіп, қосымша қоймалар мен теміржол желілері салынады. Жоба толық жүзеге асқанда 180-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

41
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!