Бейнеуде «Қан мен Серт» тарихи көркем фильмі түсіріледі
Бейнеу ауданында Төремұрат батырдың өмірі мен қаһармандық жолын арқау ететін «Қан мен Серт» тарихи көркем фильмі түсіріледі, деп хабарлайды otpannews.kz.
Фильмнің идея авторы әрі бас продюсері Бағытжан Достанов бірнеше жыл бойы архив деректерін жинап, тарихи материалдарды жан-жақты зерттеп, сценарийдің бірнеше нұсқасын әзірлеген.
Қазақ киносына көптеген тарихи және көркем фильмдер сыйлаған режиссер Ақан Сатаев бұл жолы Төремұрат батырдың тағдырын үлкен экранға шығаруды мақсат етіп отыр.
Төремұрат батырдың ерлігі ел жадында ғана емес, өзі өмір сүріп, ізі қалған қасиетті далада да сақталған. Осы рухты экранға шынайы жеткізу мақсатында шығармашылық топ Атырау облысының Жылыой ауданы мен Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан түсірілім орындарын таңдады.
Осыған байланысты аудан әкімі Рахымжан Шалбаев белгілі кинорежиссер Ақан Сатаевпен, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловпен, театр және кино актерлері Дінмұхамед Ахимовпен және Болат Әбділмановпен кездесті.
Кездесуде «Қан мен Серт» тарихи фильмін түсіру жобасы жан-жақты талқыланды. Рахымжан Шалбаев халқымыздың тарихи мұрасын жаңғыртып, ұлттық рухты асқақтататын мұндай тағылымды жобалардың маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Бейнеудің табиғи ландшафты мен тарихи орындары фильмнің көркемдік шешімін байыта түсетінін айтып, жобаны жүзеге асыру барысында аудан әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.