Маңғыстауда биік айлантты өсіруге бола ма — маман пікірі
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде биік айлантты (Ailanthus altissima) көгалдандыру мақсатында пайдалануға болмайтыны жөнінде көптеген пікірлер айтылып, желіде қызу талқыға түсуде. Осыған байланысты ботаникалық бақтың директоры Ақжүніс Иманбаева ғылыми тұрғыда мәлімдеме жасады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Айлант Маңғыстауда ұзақ мерзімді ғылыми практикалық сынақтан өткен. Өткен ғасырдың 60-жылдарында шөлейт Маңғыстауды көгалдандыру мәселесін шешуге бағытталған ғылыми-практикалық жұмыстар барысында биік айлант интродукциялық сынақтардан сәтті өтіп, өңірді көгалдандыру үшін аса перспективалы ағаш түрлерінің бірі ретінде танылды. Содан бері ол Ақтау қаласы мен Маңғыстау өңірінде кеңінен қолданылып келеді.
"Маңғыстау эксперименттік ботаникалық бағының 2023 жылы жүргізген түгендеу нәтижелері бойынша Ақтау қаласындағы ағаш тектес өсімдіктердің шамамен 17 %-ын айлант құрайды. Маңғыстау жағдайына ең бейімделген ағаштардың бірі. Айлант қуаңшылыққа, жоғары температураға, топырақтың тұздануына төзімді, құнарлығы төмен топырақтарда жақсы өседі, аурулар мен зиянкестерге жоғары төзімділігімен ерекшеленеді. Тамыр жүйесі негізінен топырақтың үстіңгі қабатында орналасатындықтан, жер асты инженерлік коммуникацияларына және сармат әктастарына айтарлықтай зиян келтірмейді", - деді ботаникалық бақтың директоры Ақжүніс Иманбаева.
Айлант қалалық ортада көлеңке қалыптастырып, шаң мен газ тәрізді ластағыштарды ұстап, ауаның сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар ол дәрілік, сәндік және өнеркәсіптік маңызы бар өсімдік ретінде Қытай, АҚШ және Еуропаның бірқатар елдерінде кеңінен өсіріледі. Маңғыстаудың қатаң шөлейт аридті климат жағдайында елді мекендерді жаппай көгалдандыру кезінде айланттың орнын толық баса алатын ағаш түрлері қазіргі уақытта жоқ. Оның жоғары экологиялық бейімделгіштігі, қарқынды өсуі, зиянкеске жоғары тұрақтылығы мен биологиялық төзімділігі және сәндік қасиеттері өңірді көгалдандырудағы маңызын айқындайды. Көпжылдық тәжірибе айланттың өңірдің қолданыстағы жасыл желектеріне елеулі теріс әсер етпейді.
Айлантты (Ailanthus altissima) Маңғыстау облысында көгалдандыруға ұсынылатын ағаш түрлерінің тізімінен алып тастау ғылыми және практикалық тұрғыдан негізсіз. Мұндай шешім елді мекендерді тиімді көгалдандыру мүмкіндігін шектеп, экстремалды табиғи-климаттық жағдайларда қалыптастырылатын жасыл екпелердің тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін екенін айтады мамандар.