Otpan News Logo

2026 жылдың І жартыжылдығында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы атқарылған жұмыстар

|
22.07.2026 10:36
2026 жылдың І жартыжылдығында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы атқарылған жұмыстар

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және қызмет көрсету үдерістерін жетілдіру бағытында Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды.


Есепті кезеңде Департамент тарапынан 17 бақылау іс-шарасы ұйымдастырылды. Оның ішінде 8 жоспарлы тексеру, азаматтардың өтініштері негізінде 8 тексеру және 1 сыртқы байқау жүргізілді. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету саласында 10 153 заң бұзушылық анықталып, оларды жою мақсатында 40 ұсыным мен нұсқаманы қамтитын 17 нұсқама енгізілді.


Департаментке мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты 81 өтініш келіп түсті. Өтініштер бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 23 азаматтың уәждері расталып, олардың бұзылған құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.


Рұқсат беру рәсімдерінің мерзімі мен тәртібін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 465-бабы бойынша 21 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 1 427 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.


Сонымен қатар, заң талаптарын бұзғаны үшін 43 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


Бақылау жұмыстарының тағы бір маңызды бағыты – сыртқы байқау жүргізу болды. Оның нәтижесінде 12 610 заң бұзушылық анықталса, ішкі бақылау шеңберінде өткізілген 6 бірлескен тексеру барысында 134 заң бұзушылық тіркелді.


Аталған кемшіліктерді жою мақсатында 16 ұсыным беріліп, олардың барлығы толық орындалды.


Департамент жанынан құрылған мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөнінде Ведомствоаралық жұмыс тобының екі отырысы өткізіліп, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған 12 ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Елге қызмет» телебағдарламасының 9 шығарылымы эфирге шықты. «Ең алдымен адамдар» бағдарламасы аясында 2 семинар өткізіліп, оған 41 тыңдаушы қатысты.


Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнама талаптарын түсіндіру мақсатында семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер және брифингтерді қамтитын 96 ақпараттық іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ, азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып, 49 мақала мен 2 телесюжет жарық көрді.


Қызмет көрсету үдерістерін жетілдіру бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде 17 бастамашыл ұсыныс әзірленді.


Ал EgovKzBot2.0 Telegram платформасы арқылы бірінші жартыжылдықта түскен 30 өтініштің барлығы қаралып, азаматтарға түсіндірме беріліп, көтерілген мәселелер оң шешімін тапты.


Қорытындылай келе, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға және мемлекеттік аппарат қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосты. Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыру бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, халыққа сапалы әрі қолжетімді мемлекеттік қызмет көрсету басты басымдық болып қала береді.



Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Маңғыстау облысы бойынша департаменті

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер

басқармасының бас маманы

Елубаева Жазира Жексенбайқызы

10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!