Otpan News Logo

Маңғыстауда газет оқу клубы ашылды

Маңғыстауда газет оқу клубы ашылды

Бүгін Ақтау қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №28 жалпы білім беретін мектеп қабырғасында тағылымды іс-шара өтті. "Маңғыстау Медиа" ЖШС-нің ұйымдастыруымен 9-11 сынып оқушылары арасында газет оқу клубы ашылып, жас буынның ақпарат кеңістігіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жаңа бастамаға жол ашылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Облыстық "Маңғыстау" газеті жанынан құрылған клубқа 20 оқушы мүше болды. Бұл - жай үйірме емес, оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, сыни пайымын қалыптастыратын, сөз қадірін ұғындыратын шығармашылық алаң болмақ. Алдағы уақытта клуб жұмысы жасөспірімдер арасында газет оқу мәдениетін орнықтыруға, жас тілшілерді тәрбиелеуге және олардың алғашқы қадамдарын баспасөз бетінде жариялауға бағытталады.


Клубтың ашылу салтанатына “Маңғыстау Медиа” ЖШС директоры Әнуарбек Бимағамбетов, директор орынбасары Лаура Тындырғанова және “Маңғыстау” газетінің бас редакторы Анаргүл Жексембайқызы қатысып, оқушыларға ізгі тілектерін білдірді.


Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің директоры Тұяқова Ақерке Болатбайқызы кездесу барысында газет оқу клубының маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, мұндай клубтар оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, пайым-түсінігін тереңдетуге зор ықпал етеді. Әсіресе, ақпарат тасқыны мен гаджетке тәуелділік белең алған қазіргі заманда жас ұрпақтың сыни ойлау қабілетін қалыптастырып, сауатты көзқарас дамытуда газет оқудың орны айрықша.


Директордың пікірінше, баспасөзбен жүйелі жұмыс жасау оқушыларды сарабдал ойлауға, өз ойын еркін жеткізуге және қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға тәрбиелейді. Сондықтан газет оқу клубы - білім мен тәрбиені ұштастыратын, уақыт талабына сай маңызды бастамалардың бірі.


Жиында сөз алған 60 жылдан астам уақыт бойы газетке тұрақты жазылып келе жатқан ардагер оқырман Жұмат Нұрбергенұлы баспасөздің қоғамдағы орны мен маңызына тоқталса, өлкетанушы, “Республика” партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы төрағасы Нұржігіт Нұрболатұлы мен әбіштанушы, Yessenov University аға оқытушысы, PhDдокторант Бақтыбай Жайлау жас буынды елдік мәселелерге бейжай қарамауға, газет арқылы таным көкжиегін кеңейтуге шақырды. Олар газет - тек ақпарат көзі ғана емес, ұлттық рух пен тарихи жадтың айнасы екенін ерекше атап өтті.


Еркін форматта өткен кездесуде оқушылар облыстық “Маңғыстау” және "Ұлан" газеттерінде жарияланған мақалаларды талдап, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Жас оқырмандардың салмақты тұжырымдары мен ұтымды ойлары олардың болашақта қарымды қаламгер боларына сенім ұялатты.


Шара соңында Әнуарбек Қосымұлы клубтың жас мүшелеріне арнайы куәліктер табыстап, алдағы уақытта олардың мақалалары газет бетінде жарық көретініне сенім білдірді. Ал клуб жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шынар Түйешиева өз сөзінде алғаш газетке шыққан мақаласының тарихын бөлісіп, оқушыларға газет шығармашылыққа шыңдайтын мектеп екенін айтты. 


Газет клубының ашылуы - ақпарат тасқынына толы заманда сапалы басылымды серік еткен саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған игі қадам. Бұл бастама жас буынның сөзге жауапкершілікпен қарап, қоғам үніне құлақ түретін азамат болып қалыптасуына жол ашары сөзсіз.


Ақерке СҮНДЕТ

259
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!