Маңғыстауда ерекше балалардың еңбек дағдыларын дамытуға арналған көрме өтті
Маңғыстауда Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінде «Тең мүмкіндік – тең болашақ!» атты кәсіби мүмкіндіктер көрмесі өтті, деп хабарлайды otpannews.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Аталған көрмеге 60-тан астам ерекше білімді қажет ететін колледж студенттері мен 11–18 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысты.
Abilympics–2026 Қазақстан Республикасының 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы және Маңғыстау облысы бойынша бекітілген іс-қимыл жоспары аясында ұйымдастырылды. Жоба инклюзивті білім беру қағидаттарын қолдауға және қоғамда тең мүмкіндіктерді қалыптастыруға бағытталған.
Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінің басшысы Ілес Нұрадинов көрменің басты мақсатын атап өтті.
-Бұл көрменің мақсаты – ерекше кәсіби білімді қажет ететін балаларға кәсіби бағыттарды таныстыру, олардың мамандық таңдауға деген қызығушылығын арттыру және қолдау көрсету. Сонымен қатар, балалардың мамандықты ерте жастан таңдауға ықпал ету де көзделген. Осындай шаралар балалардың шығармашылығын дамытуға және олардың өзін-өзі сенімді сезінуіне жол ашады, - деді Ілес Нұрадинов.
Көрме форматында өткен байқау барысында қатысушылар 10 құзыреттілік бойынша өз қабілеттерін сынады. Атап айтқанда: нан пісіру, құймақ пісіру, пицца дайындау, карвинг, құрақ тігу, сәнді киім мен аксессуарлар дизайны, киізден ойыншық жасау, бисерден әшекей бұйымдар жасау, жарнама маманы және мобилография.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба балаларды мамандықпен тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибе арқылы таныстыруға, өзіне деген сенімділігін арттыруға және еңбекке бейімдеуге ықпал етеді. Көрме барысында «педагог–қатысушы» форматы негізінде жетекші мен қатысушы арасында тиімді коммуникация орнап, тапсырмалар кезең-кезеңімен орындалды.