Otpan News Logo

Маңғыстау облысы: жаңа инвестициялар - тұрақты экономикалық өсудің негізі

Маңғыстау облысы: жаңа инвестициялар - тұрақты экономикалық өсудің негізі

Маңғыстау облысы еліміздің инвестициялық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі ретінде даму бағдарын жүйелі нығайтып келеді. Инвесторларды сүйемелдеу, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесінде өңір негізгі инвестициялық көрсеткіштер бойынша тұрақты оң өсім көрсетуде, деп хабарлайды otpannews.kz. 


Маңғыстау облысының индустриалдық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, соңғы үш жылда облыс экономикасына негізгі капиталға 3,3 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл инвесторлардың сенімін қалыптастырып, инвестициялық тартымдылығының артқанын айғақтайды.


Қазіргі таңда Маңғыстау облысының инвестициялық портфелі 76 жобаны қамтиды. Аталған жобаларды 2026-2032 жылдар аралығында іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.


Өңірлік инвестициялық саясаттың негізгі басымдығы - экономиканы әртараптандыру. Осы бағытта облыс әкімдігі ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ететін және жаңа жұмыс орындарын құратын шикізаттық емес салаларды дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Басым бағыттар ретінде көлік-логистика кешені, агроөнеркәсіп секторы және туризм айқындалған.


Маңғыстау облысы халықаралық көлік дәліздерінің тоғысқан жерінде орналасқан стратегиялық маңызды өңір. Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымал көлемі үш еседен астам өсті.


Көлік-логистикалық әлеуетті одан әрі дамыту шеңберінде қытайлық «Guo You Resources Group» компаниясымен бірлесіп, жылына 15 млн тоннаға дейін жүк өткізу қуаты бар көпфункционалды теңіз терминалын салу жобасы пысықталуда. Жобаның бірінші кезеңіне 300 млн АҚШ долларына дейін инвестиция тарту және шамамен 500 жұмыс орнын құру көзделуде.


Экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі - Каспий аквамәдениет кластерін құру. Өңірде жалпы құны 27 миллиард теңгеден асатын балық шаруашылығы жобалары жүзеге асырылып, олардың аясында 260-тан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар, түйе шаруашылығы негізінде экспортқа бағдарланған агроөнеркәсіптік кластер қалыптастырылуда. Бұл жоба алты өндірістік кешеннің құрылысын, 290-ға жуық жаңа жұмыс орнының ашылуын және мыңнан астам фермерлік әрі отбасылық шаруашылықтың тартылуын көздейді.


Өңірдің туристік саласының да әлеуеті зор. Маңғыстау облысының аумағында бірегей табиғи және тарихи-мәдени нысандар орналасқан, бүгінде 248 туристік маршрут жұмыс істейді.


2023-2025 жылдары облысқа келген туристер саны 9,3%-ға артты. Бұл өңірдің туристер үшін тартымдылығының артып, саланың тұрақты даму үрдісін көрсетеді.


Сонымен бірге, Бозжыра шатқалында визит-орталық пен туристік кешен салу жобалары жүзеге асырылып, туристік инфрақұрылымды дамытуға жеке инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде.


Аталған жобаларды іске асыру өңір экономикасын әртараптандыру үдерісін жеделдетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Маңғыстау облысының Қазақстанның жетекші көлік-логистикалық әрі инвестициялық орталықтарының бірі ретіндегі рөлін одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.

39
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!