Маңғыстауда 221 млн теңгеден астам қаржы жымқыру дерегі тергеліп жатыр
Маңғыстау облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті екі жекеменшік клиника басшылығына қатысты әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, «ИБН СИНА» және «SOFIE MED GROUP» медициналық орталықтарының қызметкерлері ер адамдарға «варикоцеле» диагнозы бойынша медициналық қызметтерді кодтау кезінде әйелдерге арналған жоғары технологиялық операцияның кодын – «жамбас мүшелері тамырлары мен жатыр артерияларына эндоваскулярлық эмболизация» кодын көрсеткен.
Нәтижесінде 200-ден астам ер пациентке негізсіз түрде қымбат медициналық қызметтер рәсімделіп, емдеу құны 10 есеге дейін артқан. 19 жағдайда пациенттер клиникаға жүгінгенін мүлде растамаған.
Келтірілген залал көлемі 221 млн теңгеден асты. Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.