Otpan News Logo

Қазақстанның жаңа Конституциясы мемлекеттік бюджетті қалыптастырудың, салық төлеудің және меншікті қорғаудың негізгі қағидаттарын бекітеді

|
23.10.2026 09:07
Қазақстанның жаңа Конституциясы мемлекеттік бюджетті қалыптастырудың, салық төлеудің және меншікті қорғаудың негізгі қағидаттарын бекітеді

2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Ата Заң 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енді. Ол елдің одан әрі дамуының құқықтық негіздерін айқындайды. Бұл ретте адам, оның құқықтары мен бостандықтары басты назарда қалады.


Жаңа Конституцияда Қазақстанның салық және бюджет жүйесі үшін маңызды нормалар бекітілген. Соның бірі – салық төлеу міндеті. 35-бапқа сәйкес, заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу – әркімнің міндеті. Бұл норма заң алдындағы теңдік қағидатын айқындайды.


Сонымен қатар, Конституцияда республикалық бюджетті бекіту, оған өзгерістер енгізу, сондай-ақ мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгілеу өкілеттігі Құрылтайға берілген.


Ата Заң меншіктің барлық нысандарының танылуына және бірдей қорғалуына кепілдік береді. Бұдан бөлек, жекелеген өңірлердің экономикалық дамуын жеделдету мақсатында қаржы саласындағы өзіндік ерекшеліктерді қамтитын арнайы құқықтық режимдерді енгізу мүмкіндігі қарастырылған.


Адами капиталды дамыту, инновацияларды қолдау, қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік мемлекетті нығайту негізгі басымдықтардың қатарында белгіленген. Бұл бағыттар мемлекеттік ресурстарды ашық әрі тиімді бөлуге қажетті жағдайлар жасауды көздейді.


Бұл салық төлеушілер мен кәсіпкерлер үшін нені білдіреді?


Жаңа Конституцияның қабылдануы өздігінен салық мөлшерлемелерін немесе салық төлеу тәртібін өзгертпейді. Бұл мәселелер Салық кодексімен және басқа да салалық нормативтік құқықтық актілермен реттеледі.


Сонымен бірге, конституциялық нормалар салықтық әкімшілендіруді одан әрі жетілдіруге, электрондық сервистерді дамытуға және мемлекеттік кірістер органдарының салық төлеушілермен өзара іс-қимылының сапасын арттыруға құқықтық негіз қалыптастырады.


Салық төлеу – заңмен белгіленген міндет қана емес, сонымен қатар өңірлердің дамуына қосылған үлес екенін атап өткім келеді. Өйткені бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік бағдарламалар қаржыландырылады, мектептер мен ауруханалар салынады, инфрақұрылым дамытылады және қоғам үшін маңызды өзге де жобалар жүзеге асырылады.


Мақсат Ақмұратов,

Маңғыстау облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің

ақпаратқа қол жеткізу жөніндегі уәкілі

28
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!