Маңғыстау облысындағы екі ауылдың тұрғындары жаңа су құбыры арқылы тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етілді
Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен «Қөңдіқұдық – Тұщықұдық» су құбыры пайдалануға берілді. Жобаның нәтижесінде Тұщықұдық және Шебір ауылдарының тұрғындары тұрақты түрде сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды дамыту мен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы маңызды жобалардың бірі, деп хабарлайды otpannews.kz.
Нысанның ашылу рәсімінде өңір басшысы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, оның ішінде әрбір елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп келеді. Маңғыстау облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгін іске қосылып отырған «Қөңдіқұдық – Тұщықұдық» су құбыры Тұщықұдық пен Шебір ауылдарының тұрғындарын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрбір осындай жоба ауылдық аумақтарды дамытуға, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жоба аясында ұзындығы 15 шақырымнан асатын жаңа су құбыры тартылды.
Жаңа нысанның іске қосылуы нәтижесінде екі ауылға қосымша су жеткізу мүмкіндігі артты. Енді елді мекендерге тәулігіне 200 текше метр ауыз су беріліп, 481 тұрғын үйде тұратын 3,5 мыңнан астам адамның қажеттілігі қамтамасыз етіледі. Бұл жоба сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін күшейтіп, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді.
Маңғыстау облысында сумен жабдықтау жүйесін дамыту басым бағыттардың бірі болып қала береді. Инфрақұрылымдық жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге, коммуналдық жүйелерді жаңғыртуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.