Құрықта жеті жастағы эковолонтер тұрады
Маңғыстауда экологиялық мәдениетті жастайынан санаға сіңірген эковолонтерлар саны артып келеді. Солардың бірі – Құрық ауылының тұрғыны жеті жастағы Мейір Арманұлы. Ол «Таза Маңғыстау» экочелленджіне екінші рет қатысып жатыр. Акция басталғалы әлеуметтік желіде белсенділік танытып келеді. Жас табиғат сақшысы қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын ерте түсінген, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Мейірдің отбасында табиғатқа деген жанашырлық – бұрыннан қалыптасқан салт. Жылдың әр мезгіліне сай ағаштарды күтіп баптау, аула тазалығы секілді үрдістерге үйдің кішісі мен үлкені қатар араласады. Соның нәтижесінде екінші сыныпқа енді ғана өткен Мейірдің бойында қоршаған ортаны аялау, қоқыспен ластамау сияқты жақсы қасиеттер ерте оянды.
«Біздің отбасымызда бес адам бар. Әкем – өрт сөндіруші, анам колледжде оқытушы болып жұмыс істейді. Ал әжем – әскери қызметкер, полковник. Інім Мансұр балабақшаға барады. Біз әр көктем сайын отбасымызбен ауламызды тазалап, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырғанбыз»,- дейді Мейір.
Мейірдің анасы Айжан экочелленджге қатысу идеясы қалай басталғанын баяндады. Оның айтуынша, тұңғыш ұлы Мейір мұндай іс-шаралардан ешқашан бас тартпайды.
«Бір күні таңертең Мейірді мектепке апарып, өзім жұмысқа бара жатқанда әлеуметтік желіден «Таза Маңғыстау» челленджі туралы хабарламаны көріп қалдым. Челлендждің талаптарымен танысып, оның шарттары Мейірдің бойындағы экологиялық қасиеттерге толық сәйкес келетінін түсіндім. Сол күні кешке ұлыма айттым. Ол еш ойланбастан қатысатынын айтты. Осылайша біздің «Таза Маңғыстау» челленджіне қатысуымыз басталды. Ата-ана ретінде менің басты мақсатым – баламның бойындағы осы игі бастаманы қолдап, оны әрі қарай дамыту»,- деді Айжан Қапашева.
Мейір көшеде қоқыс көрсе арнайы жәшікке салуды әдетке айналдырған. Өзі жеген тәттілердің де сыртқы қаптамасын жерге тастамайды. Осындай қарапайым әдеттерді достарына айта жүретін балақай өзгелердің де пайдалы іс жасағанын қалайды. Өзінің айтуынша, ол футбол ойнағанды жақсы көреді. Жазғы демалыс аяқталысымен үйірмеге жазыламын дейтін Мейір мақсатымен бөлісті.
«Жаз біткесін футбол үйірмесіне барамын. Маған футбол ойнаған қатты ұнайды. Қазір әлеуметтік желіде челлендж барысын жариялап жүрмін. Ал сабақ басталғасын сыныптастарыма, достарыма табиғатқа қамқорлық көрсету, пайдалы іс жасау, қоқысты жерге тастамау туралы айтамын»,- дейді Мейір Арманұлы.
Қатарластарына жақсы әдет үйреткісі келетін эковолонтер үйіндегі әр қоқысты назарда ұстайды. Тамақ қалдықтарын қоқысқа тастатпай, малға, итке, құсқа береді. Қатты картондар мен пластик бөтелкені, олардың қақпақтарын бөлек жинап, сұрыптайды. Жиналған қалдықтарды қалаға арнайы келіп, пунктілерге өткізеді.
«Ата-ана ретінде балалардың бойына экологиялық мәдениетті қалыптастырудың жасы болмайды деп есептеймін. Экологиялық тәрбие ең алдымен отбасынан басталады. Бала үлкендердің іс-әрекетіне қарап өседі. Сондықтан табиғатты аялауды сөзбен емес, нақты іспен көрсету – әрбір ата-ананың міндеті. Қоршаған орта – жер бетіндегі әрбір адамға аманат. Табиғатты қорғау – тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың алдындағы жауапкершілігіміз. Біз балаларымызға таза қоршаған ортаны ғана емес, табиғатты сүйетін жүрек пен экологиялық сананы мұра етіп қалдыруымыз керек. Сол үшін біз «Таза Маңғыстау» экочелленджіне қатысып жатырмыз. Осындай жобалар арқылы балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігі артып, жауапкершілігі нығая түседі деп сенемін»,- деді Мейірдің анасы Айжан Қапашева.