Маңғыстау экономикасы өсім жолында: Сауда көлемі 108%-ға артты
Биыл Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалады. 11 айдың қорытындысы бойынша өңірдің барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өсім тіркелген, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Бұл туралы ОКҚ баспасөз конференциясында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді. Өңір басшысының айтуынша, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) көлемі 2,4 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 102,9%-ды құраған.
Әсіресе сауда саласындағы белсенділік жоғары. Сауда көлемі 1 трлн теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда 108,1%-ға өскен.
Өзге де маңызды көрсеткіштер:
- Өнеркәсіп: 2,9 трлн теңге (өсім 1,2%);
- Инвестиция: 949,9 млрд теңге (өсім 5,4%);
- Құрылыс: 309,6 млрд теңге (өсім 7,7%);
- Көлік және логистика: 501,8 млрд теңге (өсім 7,5%).
Маңғыстау облысы соңғы жылдары инвесторлар үшін ең тартымды өңірлердің біріне айналып отыр. Әкімнің сөзінше, соңғы үш жыл ішінде өңірге 3 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылған.
Облыс дамуының негізгі бағыттары — өңдеу өнеркәсібі, туризм, көлік және логистика, шағын және орта бизнес, сондай-ақ балық шаруашылығы. Аталған салалардың тұрақты дамуына тың серпін беру үшін инвестиция тарту жұмыстары жалғаса береді, — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы (37,7 млрд теңге) мен байланыс саласында (15,5 млрд теңге) тұрақты даму тенденциясы сақталып отыр. Бұл көрсеткіштер Маңғыстау облысының шикізаттық емес секторды дамытудағы әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдейді.