Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Қытайлық инвесторлар Маңғыстауда бекіре балығын өсіруді қолға алмақ

Нұргүл Алясова
|
13.08.2025 20:22
Қытайлық инвесторлар Маңғыстауда бекіре балығын өсіруді қолға алмақ

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қытайдың Gansu Joy Sturgeon Ecological Technology Co., Ltd компаниясы өкілдерін қабылдады. Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту, өңірде балық шаруашылығын дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін кеңінен талқылады, деп хабарлайды otpannews.kz. 


Маңғыстау облысы әкімдігінің хабарлауынша, өңірге инвестиция салынып, бекіре балығын өсіру фермасы іске қосылған жағдайда 100–150 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Жобаның жылдық қуаттылығы ретінде 1000–2000 тонна бекіре балығын өсіру және 100–300 тонна бекіренің уылдырығын өндіру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер бизнес-жоспар мен жобалық-сметалық құжаттаманың толық дайындалуымен жыл соңына қарай нақтыланады.


Басқосуда өңірдің экологиялық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы бекіре балығын өсіру, шабақтарды қолдан көбейту және теңізге жіберу бағытындағы бастамаларға баса назар аударылды. Сондай-ақ, инвестор тарап жобаға толықтай қаржы құюға дайын екенін жеткізді.


Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін жобалар әкімдік тарапынан қолдау табатынын атап өтті.


– Мұндай инвестициялық жобалар Маңғыстау облысының балық шаруашылығы саласын дамытуға оң әсерін тигізеді. Жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканың дамуына, сондай-ақ экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюіне үлкен үлес қосады. Сондықтан біз өңірдің дамуына бағытталған осындай бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
57
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!